Кітапхана тарихы  

Шыңғырлау ауданында алғашқы кітапхананың ашылуы туралы нақты деректер болмағанымен аудандық мұрағаттағы жергілікті баспасөз мақалаларынан Шыңғырлау аудандық кітапханасы 1939 жылы көпшілік кітапхана болып ұйымдастырылғандығы туралы ақпаратты кездестіреміз. Сол кезеңдердегі кітапханаларға сай мәдени-ағарту мекемесі болды, жұртшылық арасында насихат жұмысын жүргізді, елдің барлық саяси және мәдени оқиғаларының жол бастаушылары, насихаттаушылары, үгіттеушілері болды. Халыққа ақпараттық қызмет етуге бейімделді, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттерді насихаттап, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, адамның жан-жақты дамуына ат салысты.

1950 жылдары аудан бойынша көптеген кітапханалар оқырмандарға ақпараттық қызметін ұсынған. 1957 жылғы 7 қарашада шыққан «Социалистический путь» газетінде жарияланған «Развитие культуры в районе за 40 лет Советской власти» атты мақаладан ауданда көптеген мәдени-ағарту мекемелері ашылып, мәдениет саласының мамандары қызмет ете бастап, аудан орталығында мәдениет үйі, аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы, сонымен бірге 11 ауылдық кітапхана, 4 кәсіподақ кітапханасы, 4 оқу үйі (избы читальни), 1 қызыл отау (красная юрта), аудандық партия кітапханасы халыққа қызмет еткендігі туралы және кітапханалардың кітап қорында 70 мыңға жуық кітап, оқырмандар саны 3 мың, кітапханалар ауданның мәдени-саяси өмірінде маңызды орын алғандығы туралы айтылған.  Кейін ұжымшарлар мен кеңшарларда ауылдық кітапханалар ашылып, олар ауылдағы нағыз мәдениет ошағына айналды. Қостағы бригадаларға мал фермаларына кітаптарды жеткізіп, насихаттап отырды. Кітапхана  жұмысында кітапхана қызметкерлерінің міндеті – еңбеккерлердің арасында кітаптарды насихаттау, оқырмандар назарын әлем әдебиеттерінің шығармаларына,  көркем әдебиет пен қоғамдық-саяси әдебиеттерге аудару болып табылды. Осы мақсатпен  аудан кітапханада «Советской образ жизни», «Интернациолизм  - наше  знамя», «Казахстан – мой край родной», «Литературное Приуралье» тақырыптарында тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылып тұрды. Орталық кітапханада жергілікті ақындармен кездесу кештерін ұйымдастырып, кітапхана қызметкерлері «Біздің ақындарымыздың өлеңдері» тақырыбында жергілікті ақындардың: М.Фугаров, К.Бижанов, И.Зарипов, Н.Федоренко шығармаларын жинақтап отырған.

Аудан кітапханалары тұрғындардың барлық топтарына қызмет етіп, оқырмандарды ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Ащесай ауылдық кітапханасы 1960 жылдың желтоқсан айында белсенді жұмысы мен сапалы қызметі үшін ҚазССР-нің Мәдениет министрінің дипломымен марапатталды.  

1977 жылдары кітапханалар дамуының жаңа кезеңі орталықтандыру басталды. 1977 жылы Шыңғырлау аудандық еңбекшілер Кеңесі депутаттары атқару комитетінің 29 шілдедегі «Аудандық мемлекеттік бұқаралық кітапхана жүйесін орталықтандыру туралы» қаулысына сәйкес, 1977 жылдың 1 тамызынан бастап ауданда орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылып, құрамына 18 кітапхана енді. Шыңғырлау кітапханасы ауданның барлық кітапханаларына әдістемелік орталық болды. Орталық аудандық кітапханада оқу залы, абонемент, кітапты өңдеу және толықтыру, бірыңғай қорды ұйымдастыру бөлімдері қызмет етті.

Кітапханашылар штатында да өзгерістер енді. Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің алғашқы директоры болып В.М.Федорова тағайындалды. Валентина Михайлованың жоғарғы білімділігі мен шығармашылық қабілеттілігі арқасында, осындай қиын ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізуге қол жеткізді. Кітапханалардың материалдық базалары жақсарды. Кітап қорларын жабдықтау облыстық орталықтандырылған кітапхана коллекторында өткізілді. Аудан кітапханашылары қызмет көрсетудің дәстүрлі әдістерін сақтай отырып, оқырмандарға қызметтің, кітаптарды насихаттаудың, адамдармен қарым-қатынастың, мәдени-ағарту бағытында көпшілік іс-шараларын өткізудің жаңа түрлерін іздестірді. Олар: оқырмандар конференциясы, пікір таластар, тақырыптық кештер, жазушылармен, еңбек ардагерлері мен дала және ферма қаһармандары қатысқан кездесу кештері еді.

Аудандық орталық кітапхана. Оқу залы. 31 наурыз 1983 ж.

 

Аудандық орталық кітапхана. Кітапты өңдеу және толықтыру бөлімі . 31 наурыз 1983 ж.

 

Лубен кітапханасындағы семинарға қатысушылар. 4 маусым 1982 ж.