Федорова Валентина Михайловна
Федорова Валентина Михайловна Орал облысы Шыңғырлау ауданында Полтава ауылында 2 қыркүйек 1938 жылы дүниеге келді. 1956 жылы Валентина Михайловна Полтава ауылына кітапханшы болып жұмысқа орналасып, бүкіл өмірін кітаппен байланыстырды. 1959 жылы Ақтөбелік культпросвет бітіргеннен кейін Валентина Михайловна аудандық орталық кітапханаға ауыстырылып, сырттай Мәскеу Мемелекеттік мәдениет институтын жалғастырды. Тәжрибелі маман, әрі өз жұмысына тиянақты Валентина Михайловна өзінің сүйікті ісіне аудандық кітапхананың меңгерушісі болып оралды. Жеткен жетістіктерінің арқасында 1983 жылы, және 1988 жылы екі мәрте облыстық институтта кәсіби шеберлігін көтерді.
Валентина Михайлованың тәжірибелі өмірі жолымен болашақ ұрпақты кітапты қадірлеуге, халқымыздың асыл қазынасы мен салт - дәстүрін сүйетін, жерін, елін қадірлейтін саналы ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосан жандардың бірі. Кітапхана директорының жұмысы қызығы мен қиындыққа толы. Ең жақсы қасиеті әрдайым үлкенге де кішіге де көмек қолын созып, білім, ғылым, өнер мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан.
Оның қолдауымен Облыстық конкурстарда аудандық кітапхана Құрмет грамотасымен марапатталды. Көп жылғы еңбегі үшін бірнеше мәрте мақталып, марапатталып сый - құрметке ие болды. (1978ж, 1979ж, 1983ж, 1985ж, 1987ж.) Дипломдармен (1980ж, 1989ж.) Алғыс хаттармен (1978ж, 1983ж.) 1981жылы Құрмет тақтасына ілінді. (1990 жылы ) кітапханада ұзақ қызмет жасай жүріп «Еңбек ардагері» медальімен марапатталды. Ауданның екі мәрте депутаты болып сайланып, 1967 жылы Алматы қаласында Ғылыми практикалық кітапханашы қызметкерлер арасында делегаты болды. 1984 жылы Целиноград қаласында өткен мәдениет қызметкерлер арасында Целлинаға 30 жылдық конференцияға қатысты.
Федорова Валентина Михайловна облыстың сыйлы ардагері, сондай - ақ өз еңбегімен кітапхананы көтерген, бар өмірін кітапханаға арнаған майталман маман. Қазіргі таңда жас кітапханашылар Валентина Михайлованың тәжірибесін ұстана отырып ынталы да білімді, жаңашылдыққа бейім жетістіктерге жетіп отыр.
Қуанаева Гүлсім Фазылқызы
Қуанаева Гүлсім Фазылқызы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шоқтыбай ауылында 1962 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген.
1979 жылы Шыңғырлау ауданындағы Шиілі орта мектебін бітірген.
1985-1987 жылдары Ақтөбе мәдени ағарту училищесін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмамдайды.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының «Кітапханатану және библиография» факультетінде сырттай білім алады.
1980 жылы Жаңакүш ауылдық клубының меңгерушісі қызметін атқарады.
1980 жылдың қараша айында автоклуб меңгеруші қызметіне ауыстырылып, 1981 жылы Қызылкөл орталықтандырылған клуб жүйесінің музыка жетекшісі қызметін атқарады.
1983 жылдың қараша айынан аудандық орталық кітапханасының «Кітап қорын өңдеу және толықтыру» бөлімінің аға кітапханашысы қызметін атқарады.
1996 жылдың 15 шілдесінен Шыңғырлау ауданы әкімінің бұйрығы негізінде Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін атқарып келеді.
Жалпы еңбек өтілі – 41 жыл, соның ішінде кітапханалық еңбек өтілі – 38 жыл.
Гүлсім Фазылқызы кітапханалық қызметінде өзін өз ісінің маманы ретінде танытып келеді. Ол басшылық еткен аудандық кітапхана бірнеше жылдар бойы облысымыздағы ең таңдаулы мәдениет ошағы болып табылуда.
Гүлсім Фазылқызы жоғары деңгейдегі кәсіптік шеберлігімен, бекітілген жұмыс шеңберінде жауапкершілігі, өзіне және ұжымына қойған талапшылдығымен көзге түседі. Кітапхана жүйесінің жұмысында өзінің өндірістік тәжірибесін және білімін қолдана отырып, қазіргі заман талабынан қалыспай, ұжымына жаңа озық жұмыс әдістерін енгізе білді. Гүлсім Фазылқызының жетекшілігімен кітапханаларда алғашқы компьютерлер, көшірмелер, принтерлер сатып алынды, жергілікті компьютерлік желі құрылды, Интернетке шығу ашылды, кітапхана қызметкерлері оқытылды. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру жолдары мен тәсілдерін қарастыра отырып заман талабына сай қадам баса білді. Оның дәлелі ретінде 2006 жылы кітапханаларда «КАБИС» бағдарламасының енгізілуін, 2019 жылы кітапхана сайтының іске қосылып оқырмандарға қашықтан қызмет көрсетілуін және мәдени, ақпараттық қызмет көрсететін ауылдағы жаңа кітапхананың стандартын дамыту бағытында 2016 жылы Ащысай, Шоқтыбай, Ақтау кітапханаларына Модельді кітапхана статусы беріліп, 2019 жылы аудандық балалар кітапханасы жанынан Коворкинг орталығының ашылуын айтуға болады.
Гүлсім Фазылқызы Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша пайдаланушылар арасында өткізілген кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындыларын насихаттау және тұрғындардың назарын кітап оқуға аудару, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, патриоттыққа тәрбиелеу сияқты көптеген көкейтесті тақырыптарға арналған облыстық кеңестердің, шығармашылық зерделі кеңестердің, тағы да басқа мәдени шаралардың ұйымдастырушысы бола білді. Атап айтатын болсақ, 2007 жылы «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеудің бағыттары» атты облыстық семинар, 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – Аймақтағы кітапхана ісінің белестері» атты облыстық семинар, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Кәсіби эстафета», 2014 жылы «Ауыл кітапханаларының мониторингі» жоба жұмыстары Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінен бастау алды. Сонымен қатар 2017 «Ауыл кітапханаларының фестивалі» облыстық жобасы, 2019 жылы «Кітапханалық өлкетану: Мәңгілік руханият бастауы» тақырыбында аймақтық семинар Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі базасында өткізілді.
Гүлсім Фазылқызы облыс көлемінде өткізілетін түрлі семинар-конференцияларға және 2011 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық деңгейдегі «Қазақстан кітапханалары тәуелсіздік жылдарында: жетістіктері мен даму бағыттары» атты конференцияға, 2012 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған «Кітапхана қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктері» атты біліктілікті жоғарылату курсына қатысты.
Кітапханалық қызметімен қатар Гүлсім Фазылқызы тәуелсіздігіміздің дамуы мен саяси тұрақтылыққа да «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы мүшесі ретінде өзіндік үлесін қосып, өңіріміздің қоғамдық-саяси істеріне, аудан көлемінде ұйымдастырылған шараларға соның ішінде қайырымдылық шараларына белсене қатысып, әр жыл сайын «Қайырымдылық» айлығы, «Мектепке жол» акциясы, Тыл ардагерлерін құрметтеу шарасы, «Қайырымды істер марафоны» жалпы ұлттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп отырады.
Гүлсім Фазылқызы қызметіндегі қол жеткізген табыстары үшін облыстық мәдениет басқармасының (2003 ж.), Мәдениет басқармасының бастауымен өткізілген «Ауыл энциклопедиясы – шағын Отан» байқауына белсене қатысқаны үшін (2004 ж.), Облыстық мәдениет басқармасының «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеу бағыттары» тақырыбында аймақтық семинарды жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін (2007 ж.), Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясының өтуіне белсене қатысқаны үшін (2010 жылы), Облыстық мәдениет басқармасының мәдени саланың дамуына қосқан үлесі үшін (2011 ж.), Батыс Қазақстан өңірінің кітапхана ісі мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының (2012 ж.) Алғыс хаттарымен марапатталды.
2015 жылы мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан "Үздік кітапхана қызметкері" атағына ие болды.
2016 жылы қазан айында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы атынан «Кітапхана саласының үздігі» және ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
2019 жылдың қараша айында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітапхана қызметкерлерінің мерейін асқақтату, ұлттық-мәдени бірлікті дамыту жолындағы еңбектеріне құрмет көрсету мақсатында өткен «BIBLIO QOSHEMET – 2019» салтанатты шарасында «Үздік директор-2019» номинациясымен марапатталды.
2021 жылы «Nur Otan» партия төрағасының бірінші орынбасары атынан Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауданымыздың кітапхана саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ұзақ жылғы адал қызметі үшін Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағынан «Еңбек даңқы» мен Қазақстандық кітапханалық одағынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапатталды.
2022 жылы 25 қазан - Республика күніне орай ауданның мәдениет саласының дамуына қосқаны үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығы бойынша мемлекеттік награда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Отбасылы, екі қызы бар.
Абдиров Оразғали Сақыпқалиұлы
Абдиров Оразғали Сақыпқалиұлы Шыңғырлау ауданы Ақши ауылында 1947 жылы 23 қарашада дүниеге келген. 1954-1958 жылдары Ақши бастауыш мектебінде білім алып, орта мектепті Қарағаш ауылында тәмамдаған Оразғали Сақыпқалиұлы 1962-1966 жылдары Орал ауыл шаруашылық техникумында оқып, мал дәрігері мамандығын алады. Еңбек жолын 1966 жылы өзінің туып өскен жері Қарағаш ауылында мал дәрігері қызметінен бастайды. Қарағаш ауылында 1968 жылдың маусым айына дейін қызмет еткен Оразғали Сақыпқалиұлы қыркүйек айынан Қызылкөл астық совхозының №1 бөлімшесінің мал дәрігері қызметін атқарады.
1971 - 1999 жылдары аралығында ауыл шаруашылық саласында түрлі қызметтер атқарып, 2000 жылдың тамыз айынан бастап зейнеткерлік демалысына дейін Қызылкөл ауылдық кітапханасында кітапханашы қызметін атқарды.
Оразғали Сақыпқалиұлы кітапханада қызмет атқарған жылдар ішінде атқарған ісіне жауапкершілікпен қарап, ауыл кітапханасының ілгерілеуіне өз үлесін қосты.
Астафьева Любовь Ивановна
Астафьева Любовь Ивановна 1946 жылдың 20 тамызында Орал облысы Теректі ауданының Долинный ауылында дүниге келген. 1956 жылы отбасы Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылына қоныс аударады. 1960 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша бітірген.
1963 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесін бітіргенен кейін Талдысай селолық кітапханасына кітапханашы болып қабылданып, 1965 жылға дейін қызмет атқарады. 1965 - 1985 жылдары Ащысай орта мектебінің кітапханасында кітапханашысы, 1985 жылы отбасының Шыңғырлау селосына қоныс аударына байланысты аудандық орталық кітапханасына ауыстырылып, көп жылдар бойы аудандық кітапханасының қорды өңдеу және толықтыру бөлімінде қызмет етті. 1970 жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының «Кітапхана ісі» факультетін бітірді. Іскерлік тәжірибесі мол, өз ісін жетік білетін маман ретінде таныта білді. Көп жылдар кітапханалық қызмет атқарудағы жемісті еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен, облыс мәдениет басқармасының «Алғыс хатымен» және көптеген грамоталармен марапатталған. 2005 жылдан құрметті еңбек демалысында.
Верстюк Татьяна Ивановна
Татьяна Ивановна өмірінің 38 жылын кітапханаға арнаған адам. Еңбек жолы 1971 жылы Қаскелең мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен басталады. Татьяна Ивановна өз ісін, өз мамандығын мақтан ететін жоғарғы деңгейдегі тәжірибелі маман болды. Оқырмандарға салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізді. 2002 жылы Республикалық «Евразийство – интеграция культур и библиотечных ресурсов» атты конференцияға, 2006 жылы облыстық кітапханашылардың Форумына қатысты. 2007 жылы аудандық кітапханада Татьяна Ивановнаның іс-тәжірибесін жинақтап «Кітап – жан азығы» атты брошюра шығарылып, аудандық кітапхана базасында өткізілген облыстық семинарға қатысқан делегаттарға ұсынылды.
Көп жылғы еңбегі мен өз ісіне адалдығы үшін, шығармашылық табысы үшін облыстық кітапхана және облыстық мәдениет басқармасының, аудандық мәдениет бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды.
Қазіргі кезде Татьяна Ивановна Верстюк құрметті еңбек демалысында.
Даулетиярова Баян Қонысқызы
Даулетиярова Баян Қонысқызы 1960 жылы 12 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Тасмола ауылында дүниеге келген. 1967-1977 жылдары Тасмола жалпы білім беретін орта мектебін жақсы бағамен оқып бітірген. Бала кезінен әдебиетке құмар жан қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен мемлекеттік емтихан тапсыру кезінде «Менің сүйікті кітаптарым» атты еркін тақырыпта шығарманы 5/5-ке жазып, өзінің армандаған мамандық иесі болу үшін 1978-1980 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде «Кітапхана ісі» бойынша білім алады. Ақтөбе мәдени-ағарту оқу орнын жақсы бағаға бітірген жас маман еңбек жолын туған ауылында ауылдық кітапхана меңгерушісі қызметінен бастап, зейнеткерлік демалысына дейін осы кітапханада көп жылдар бойы қызмет етті. Қызмет ете жүріп 1983-1988 жылдары Шымкент мәдени педагогикалық институтын сырттай «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша тәмәмдайды.
Өз ісіне, мамандығына шынайы берілген Баян Қонысқызы өзіне жүктелген міндеттерді адал да абыроймен атқарып, кітапханалық қызмет жолында өзінің еңбексүйгіштігін, ізденгіштігін, жан-жақты, өмір талабына сай жұмыс істей алатынын көрсетті. Кітап арқылы халықтың көңіл көкжиегін кеңейтіп, рухани дүниесін арттыруға қызмет еткен тәжірибелі маман туралы 1982 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінде Фатихолла Маштақовтың «Біздің Баян», аудандық «Серпін» газетінде Қ.Баймұқановтың және оқырмандардың мақалалары жарық көрді.
Баян Қонысқызы 1982 жылы Аудан комитетінің мақтау қағазымен, 2005 жылы «Ауыл энциклопедиясын» жасауға атсалысқаны үшін «Алғыс хатпен», 2012 жылы Мәдени қызметкерлері күніне орай Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Т.Ишекеновтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
2017 жылдан құрметті еңбек демалысында.
Жұмағазиева Бақытханым Айтқалиқызы
Бақытханым Айтқалиқызы 1955 жылы БҚО Казталовка ауданының Казталовка ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Ж.Молдағалиев атындағы Облыстық кітапхана жанындағы 1-жылдық кітапханашылар курсын аяқтап, Казталовка аудандық орталық кітапханасында кітапханашы болып еңбек жолын бастайды. Кейін отбасылық жағдайға байланысты 1985 жылы Шыңғырлау ауданына қоныс аударып, Шыңғырлау аудандық балалар кітапханасының абонемент бөліміне кітапханашы болып орналасқан Бақытханым Айтқалиқызы еңбек демалысына дейін өз қызметін адал атқарған. Ол қызмет ете жүріп 1987 жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» факультетінде сырттай білім алады.
Ұзақ жылдар балалармен жұмыс жасаған Бақытханым Айтқалиқызы тек қана кітапты сақтаушы, жинақтаушы емес, сонымен қатар өз кітапханасындағы кітап қорын сан қырынан, түрлі әдістер арқылы танытып, өз оқырмандарына насихаттай білген тәжірибелі маман. Балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап мектепті аяқтаған жасөспірімдерге, ата-аналарға, тәрбиешілерге, ұстаздарға қажет ақпаратты ұсынумен қатар, олардың ерекшеліктерін, талғамдарын, сұраныстарын ескере отырып кітап оқу мәдениетіне тәрбиеледі. Оқырмандардың талғамына сай әдебиеттерді іріктеуге көмектесіп, кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттыратын шараларды балабақша, мектеп ұжымымен бірлесе атқарып отырды.
Мінезі жұмсақ, оқырмандармен қарым-қатынасы жақсы, балалардың сенімді досы бола білген Бақытханым Айтқалиқызы өз мамандығын қадірлей, құрметтей білді.
Иманбекова Ақзер Николайқызы
Ақзер Николайқызы 1958 жылы 15 қаңтарда дүниеге келген. 1991-93 жылдары Ақтөбе мәдени – ағарту училищесінде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алған. Шоқтыбай ауылдық кітапханасында қызмет еткен кітапханашылар ішінен Иманбекова Ақзер Николайқызын ерекше атап өткен жөн. Өйткені, ол кітапханада көп жылдар қызмет етіп, өмірін кітапхана ісіне арнаған жандардың бірі. Ақзер Николайқызы Шоқтыбай ауылдық кітапханасында 1992 жылдан 2016 жылдың қыркүйек айына дейін зейнетке шыққанша талмай қызмет етті. А.Иманбекова өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, әрқашан шығармашылық ізденісте болып, кітапхана оқырмандарын елін, жерін сүюмен қатар адамгершілікке тәрбиелеп, шығармашылық әлеуеттерін ашып, рухани баюына үлес қосып, олардың жас ерекшеліктеріне орай қызығушылықтарын ескере отырып, сапалы қызмет көрсете білген нағыз өз ісінің маманы бола білді. Ақзер Николайқызы ауыл тарихы мен дамуына көптеген игі істермен өз үлесін қосып, ауыл тұрғындарының ілтипатына ие болды. Ақзер Николайқызының бастамасымен ауылда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерге арналған мемориалды тақта ашылды. Өз ісіне деген адалдығы мен іскерлігі арқасында әр адаммен тез тіл табыса отырып, кітапханаға демеушілерді тартып кітапхана жұмысын дамытып отырды.
Ақзер Николайқызы кітапханалық қызмет барысында облыстық мәдениет басқармасы М.Умаргалиевтен «Алғыс хат», 2011 жылы облыстық мәдениет басқармасы А.Т.Батырхановтың атынан «Алғыс хаты», 2001 жылы «Балалар мен жасөспірімдерді патриоттық тәрбиеге тәрбиелеуде Қазақстан тарихы және туған өлкесіне деген ықыласын арттырудағы рөлі» тақырыбында өткізілген семинарға қатысқаны үшін облыстық А.Гайдар атындағы облыстық жасөспірімдер мен балалар кітапханасының директоры З.Б. Өтешованың «Алғыс хаты», 2004 жылы ауыл кітапханаларының арасында экологиялық жоба сайысына «Табиғат тағдыры – адам тағдыры» жұмысымен қатысқаны үшін, 2001 жылы «Ананың әлдиі» атты сайысқа қатысқаны үшін А.Гайдар атындағы облыстық жасөспірімдер мен балалар кітапханасының директоры З.Б Өтешованың «Алғыс хаты» марапатталды.
Көп жылдар бойы талмай қызмет етіп, оқырман ықыласына бөленген Ақзер Николайқызы 2016 жылдан құрметті еңбек демалысында.
Искендирова Күлян Тоқтарқызы
Күлян Тоқтарқызы Искендирова 1949 жылы 20 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Киров селолық советіне қарасты Егіншілер селосында дүниеге келген. 1967 жылы Шилі орта мектебін бітіріп, Шыңғырлау аудандық комсомол комитетіне қызметке тұрады. 1968 жылы аудандық комсомол комитеті К. Искендироваға аудандық прокуратураға іс жүргізуші қызметіне жолдама береді. 1969 – 1971 жылдар аралығында Ақтөбе мәдени – ағарту училищесінің «Кітапхана ісі» бөлімін бітіреді. 1971 жылы Шыңғырлау ауданы Полтавка селолық кітапханасына кітапханашы қызметіне орналасады. 1977-1982 жылдары Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде, 1982 жылдан бастап аудандық кітапханасының қорды өңдеу және толықтыру бөлімінде қызмет етіп, 2004-2009 жылдары осы бөлімнің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Көп жылғы игілікті еңбегі өз нәтижесін беріп, Күлян Тоқтарқызы 1990 жылы Орал облыстық Халықтық депутаттар кеңесінің президиумының қаулысымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылына» орай Облыстық мәдениет басқармасының шешімімен ақшалай сыйлықпен, сонымен қатар кітапхана жұмысына сіңірген еңбегі үшін көптеген грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталды. 2009 жылдан құрметті еңбек демалысында.
Сагимбаева Асылжан Жұмағалиқызы
Асылжан Жұмағалиқызы 1954 жылы 14 сәуір күні Башқұртстан Республикасында дүниеге келген. 1973-1974 жылдары Орал қаласында кітапханашылар курсында білім алып, еңбек жолын ХПП кітапханасында кітапханашы қызметінен бастаған. 1981-1983 жылдары Аудандық балалар кітапханасында кітапханашы қызметін атқара жүріп Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін сырттай аяқтайды. 2000 жылдан бастап құрмет демалысына дейін аудандық орталық кітапханасында библиогроф қызметін атқарды. Асылжан Жұмағалиқызы 2006 жылдан бастап ақпараттық жұмыстардың жаңа тәсілдерін іздеу, кітапхана жұмыстарының жүйелеріне автоматтандыру мен жаңа ақпараттық технологияны енгізу бағытында «Kazaks Sogi» компаниясы құрастырған КАБИС бағдарламасымен жұмыстанып, аудандық орталық кітапханада электронды каталог жүйесін жасақтады.
Кітапханада қызмет атқарған жылдар ішінде ол өзіне жүктелген міндеттерді адал да абыроймен атқарып, өзінің еңбексүйгіштігін, ізденгіштігін, жан-жақты, өмір талабына сай қызмет еткен Асылжан Жұмағалиқызы 2012 жылдан құрметті еңбек демалысында.
Садыкова Оқу Ешмуханбетқызы
Садыкова Оқу Ешмуханбетқызы 1955 жылдың 1 сәуірінде Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылында дүниеге келген. 1962 жылы мектеп табалдырығын аттаған Оқу Ешмуханбетқызы мектепті 1972 жылы жақсы бағаға бітіреді. Еңбек жолын өзінің туған жері Ащысай ауылында бастап, түрлі қызметтер атқарған Оқу Ешмуханбетқызы 2000 жылдың 29 маусым айынан зейнеткерлік демалысына дейін Ащысай ауылдық округіне қарасты Талдысай ауылында кітапханашы болып қызмет етті.
Кітапханада қызмет еткен жылдары ішінде Оқу Ешмуханбетқызы ауыл тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру, кітапхана мен кітапханашы мамандығының мерейі мен беделін арттыру бағытында бар күш-жігерін, білімін арнады. Қызмет барысында балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыруға, елжандылыққа тәрбиелеу бағытында жұмыстанды және өлкетану жұмысына көп көңіл бөлді. 2004 жылы облыстық мәдениет басқармасының бастауымен өткізілген «Ауыл энциклопедиясы – шағын Отан» байқауына белсене қатысты.
2013 жылдың маусым айынан құрметті еңбек демалысында.
Чернова Галина Александровна
1948 жылдың 1 мамырында Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. 1966 жылы мектеп бітіргеннен кейін Орал қаласында облыстық кітапхана жанындағы кітапханашылар курсын бітіріп, 1967 жылы Шыңғырлау орта мектебіне кітапханашы болып орналасады. Мектепте жұмыс жасай жүріп Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде білім алады. Біраз жылдар «Знамя труда» газетінде және жергілікті радиохабарда диктор қызметін атқарып, 1972 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының «Орыс тілі және әдебиеті» факультетіне түседі. Он алты жылдай Шыңғырлау аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің кітапханашысы, 1992 жылдан бастап зейнеткерлікке дейін Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде қызмет етті. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысында.
Джалетова Райхана Гарифулловна
Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде көп жылдар бойы қызмет еткен кітапхана ардагері Райхана Гарифулловна 1961 жылы 1 тамызда Орынбор облысы Соль-Илецк ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Орынбор қаласындағы мәдени-ағарту училищесін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша аяқтаған жас маман еңбек жолын Орынбор қаласында қалалық орталық кітапханасында қызмет етуден бастайды. Кейін 1982-1996 жылдары Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында Бірыңғай қорды ұйымдастыру бөлімінінің кітапханашысы, 1996-2003 жылдары аралығында Шыңғырлау орта мектебінің мектеп кітапханасының меңгерушісі, 2003-2009 жылдары аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қызмет ете жүріп 2008 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Кітапханашы-библиограф» факультетінде сырттай білім алды. Өз ісіне берік, тәжірибелі маман 2009-2021 жылдар аралығында кітап қорын толықтыру және сұрыптау бөліміне жетекшілік етіп, 2021 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Қызмет барысында Райхана Гарифулловна жоғары деңгейдегі кәсіптік шеберлігімен, бекітілген жұмыс шеңберінде жауапкершілігі, өзіне және ұжымына қойған талапшылдығымен көзге түсті. Ол әрдайым білімі мен өмірлік, өндірістік тәжірибесін кітапхана қызметінде кеңінен қолданып, кәсіби жаңалықтарды саралап, өз жұмысында енгізіп отырды. Әрқашан ізденіс үстінде, жаңашылдықпен заман талабына сай жұмыстанып, жүйе кітапханашыларына әдістемелік көмек көрсетіп, түрлі кеңестер беріп тәжірибесімен бөлісіп отырды. Бөлімнің жоспар, есептерін дайындап, жүйе кітапханашыларының кәсіби біліктіліктерін арттыруда әзірлеп өткізген іс-шаралары мазмұнды және тартымды, сұранысқа сай ұйымдастырылып отырылды. Келген жас мамандарға мамандықтың қыр-сырын меңгеруге көмектесуден жалықпаған Райхана Гарифулловна парасатты, қарапайым, адамгершілігі мол ұжымдағы білікті де тәжірибелі мамандардың бірі саналды.
Кітапханалық қызмет атқарудағы жемісті еңбегі үшін Райхана Гарифулловна әр жылдары аудан әкімі және аудандық білім, мәдениет бөлімі атынан Алғыс хаттармен марапатталып, 2014 жылы аудан бойынша «Үздік кітапханашы» атанып, 2019 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.
Байсалова Жұмағыз Сисенғалиқызы
Ащысай ауылдық кітапханасында көп жылдар бойы қалтқысыз қызмет етіп, бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған Жұмағыз Сисенғалиқызы 1961 жылдың 27 қаңтарында Ресей Федерациясының Орынбор облысында дүниеге келген. 1964 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, Ащысай совхозында 1977 жылы орта мектепті тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. 1980 жылы «Кітапхана ісі» факультетін аяқтап, еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында бастаған Жұмағыз Сисенғалиқызы 1985-1995 жылдары Ащысай балалар кітапханасында қызмет етіп, 1998 жылдың қараша айынан бастап құрметті еңбек демалысына дейін Ащысай ауылдық кітапханасында қызмет етті.
Ертеңі бар елдің жастарына өркениет әлеміне жол көрсету, мәдениет көшінен қалдырмай, тәрбиелі, білімді ұрпақ қалдыру ісіне ықпал етуді мақсат еткен Жұмағыз Сисенғалиқызы қызметіне аса жауапкершілікпен қарап, әрдайым ізденіс үстінде жүрді.
Тәжірибелі де білікті маман әр оқырман жүрегіне жол таба біліп, оқырмандарға қажетті ақпараттың тиімдісін ұсына отырып, олардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру бағытында көптеген тәрбиелік маңызы зор шаралар ұйымдастырып, кітапхана оқырмандарының кітаппен, ақпаратпен жұмыс жасауына көмектесіп, оқу мәдениеттілігіне тәрбиелеп отырды. Сонымен қатар Жұмағыз Сисенғалиқызы оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыстанып, түрлі республикалық, облыстық байқауларға белсене қатысып отырды.
2020 жылы аудандық «Оқырман отбасы – 2020» байқауында Жанакашевтар отбасы жеңімпаз атанып, «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2020» облыстық онлайн байқауына жолдама алып, байқау қорытысында Жанакашевтар отбасы бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының «Батырлық – Мужество» жобасы шеңберінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған жастардың шығармашылық жетістіктерін насихаттау, салауатты сөйлеу және оқу дағдыларын дамытып, әдеби және көркемдік талғамды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Ұлы Жеңіс мәңгі есте сақталады» республикалық Интернет байқауында Ащысай модельді ауылдық кітапханасының оқырманы Сұлтанова Балжан Бас жүлдеге ие болды.
Кәсіби шеберлігі шыңдалған кітапханашы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен кітапхана қызметкерлерінің мерейін асқақтату, ұлттық-мәдени бірлікті дамыту жолындағы еңбектеріне құрмет көрсету мақсатында өткен «BIBLIO QOSHEMET – 2019» салтанатты шарасында «Үздік кітапхана қызметкері» медалімен марапатталды.
Сандыбекова Қазима Ермекқалиқызы
Қазима Ермекқалиқызы 1961 жылдың қаңтардың 23 жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шилі ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Шилі орта мектебін аяқтап, 1978 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. 1980 жылы «Мәдени-ағарту жұмысы» мамандығы бойынша білім алады. Кітапхана саласындағы еңбек жолын 1987 жылы Амангелді ауылдық кітапханасында кітапханашы болып бастаған Қазима Ермекқалиқызы ауылдық кітапханада көп жылдар бойы қызмет етіп, 2020 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Ұжымға Қазима Ермекқалиқызы өзінің ұқыптылығымен, тиянақтылығымен, сабырлылығымен белгілі. Отыз жылдан астам еңбек еткен уақытында ол өзіне тапсырылған жұмысты уақытылы орындап, қоғам жұмысына белсене араласып еңбексүйгіштігін, ізденгіштігін көрсетті. Осы кітапхана саласында еңбек еткен жылдары ол өскелең жас ұрпақты, балаларды кітап оқуға, кітапты құрметтеуге шақырып, облыстық, аудандық мәдениет бөлімі атынан мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталды
Ғалиева Қаракөз Сүлейменқызы
Ғалиева Қаракөз Сүлейменқызы (26.05.1962 жыл, Шыңғырлау ауданы, Қызылкөл ауылы – 22.11. 2021 жыл, Шыңғырлау ауылы) – аудан кітапхана саласының дамуына зор үлес қосқан кітапхана ісінің үздігі. 1981-1983 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің «Кітапхана» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында кітапты өндеу және толықтыру бөлімінің редакторы қызметінен бастаған Қаракөз Сүлейменқызы 1998 жылдан бастап 2021 жылға дейін аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарып келді.
Әрқашан кішіпейілділікпен ғимаратқа кірген оқырманды жылы жүзбен қарсы алып, кеткенінше қызмет көрсетуден жалықпаған тәжірибелі маман қызмет барысында түрлі бағдарламалар мен тың жобаларды жүзеге асыруда жастар арасында кеңінен насихаттап, кітапханалық мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуде аса жігерлілік, құлшыныс танытып, бір сөзбен айтқанда үнемі шығармашылық ізденісте жүретін. Атқарған ісінің сапалы болуына бар жанымен кірісіп, адал еңбегімен қалтқысыз қызметінің арқасында әріптестеріміздің әрқашан абыройлары артып, биік белестерден көрінді. Мамандығын жетік меңгерген Қаракөз Сүлейменқызы өзі жетекшілік етіп отырған кітапханада ғана емес сонымен қатар аудан көлеміндегі кітапханалар арасындағы бастамаларға белсене араласып, түрлі мәдени-көпшілік шаралардың табысты өтуіне қомақты үлесін қосып отырды. Оның балалардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыруға, рухани игіліктерді қорғауға, қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеу бағытындағы тақырыпта жазылған мақалалары аудандық газет бетінде жарияланып тұратын. Кәсіби шеберлігін шыңдап жүретін Қаракөз Сүлейменқызы 1991жылы және 2008 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған кәсіби білімді жетілдіру курсына қатысқан еді. «Мәдениет саясат және өнертану институт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2008 жылдың 30 мамырында Шыңғырлау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Г.Қуанаеваға жолдаған хатында «Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары» тобының тыңдарманы Галиева Қаракөз Сүлейменқызы оқу үрдісіне зор жауапкершілікпен қарап, өз жұмысына деген ынта-ықыласы үшін алғыс білдірілген еді. Бұл хат жолдары аудан кітапханашыларының білімділігін, біліктілігін көрсетіп, беделін көтеріп жас буынға үлгі болды.
Қаракөз Сүлейменқызының кітапхана саласындағы еңбегі бағаланып облыстық, аудандық кітапхана, мәдениет бөлімінің басшылары атынан және 2011 жылы «Кәсіби эстафетада» өз біліктілігін көрсете білгені үшін және «Балалар мен жасөспірімдерді Қазақстандық патриоттыққа тәрбиелеудің бағыттары» тақырыбындағы облыстық кітапханашылардың семинарын жоғары деңгейде өтуіне белсенділік көрсеткені үшін және 2018 жылы Мәдениет қызметкерлері күніне орай облыстық Балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры З.Өтешованың атынан Алғыс хаттармен, , 2019 жылы «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Кітапхана ісінің майталманы Қаракөз Сүлейменқызы өз мамандығына шынайы берілген, мамандығын қадірлеп, құрметтей білетін, тәжірибелі маман еді.
Жалекенов Мұқташ Жаңабайұлы
(28.03.1959 жыл, Шыңғырлау ауданы, – 2014 жыл, Шыңғырлау ауданы, Ұрысай ауылы) – Ұрысай ауылдық кітапханасында қызмет еткен отыз жылдан астам уақыт ішінде өз ісінің шебері, білікті маман екенін көрсете білді. Жұмыс барысында көптеген кітапханалық шаралар ұйымдастырып, ауыл тұрғындары арасында кітап оқуды, кітап қорын насихаттауға өзіндік үлесін қосып отырды. 1992 жылы 26 тамыздағы «Серпін» газетінде жарияланған «Кітапханашылар үлесі» атты мақалада ауыл кітапханашыларының соның ішінде М.Жаңабайұлының егін орағы кезінде жылжымалы кітапхана жұмыстарын ұйымдастырып, диқандардың талап-тілегін орындап, оларды уақытылы газет-журналдармен қамтамасыз етіп отырғандығы аталып көрсетілген. 1980 жылдың ақпан айынан 2014 жылға дейін Ұрысай ауылдық кітапхансында жұмысын абыроймен атқарып, оқырмандардың, әріптестерінің ықыласына бөленген жан Мұқташ Жаңабайұлы отбасындағы кітапханашы дәстүрін жалғастырушысы болды. Әкесі Жалекенов Жаңабай 1961-1977 жылдары қызмет етсе, апасы Жалекенова Қайша 1977-1980 жылдары қызмет етті. Ұрысай ауылдық кітапханасында қызмет еткен Жалекеновтар отбасы бір мамандықты кәсіп еткен отбасы ретінде ауыл кітапханасының тарих беттерінде қалды. Мұқташ Жаңабайұлы өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарай отырып, ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып ауылдастарының құрметіне, алғысына бөленді. Еңбектегі табыстары және кәсіби шеберлігі үшін кітапханашы М.Жалекенов көптеген марапаттарға ие болды.
Стратулат Екатерина Трифоновна
Стратулат (Рудь) Екатерина Трифоновна 1945 жылдың 17 ақпанында Шыңғырлау ауданы Сегізсай (Лебедевка) ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде оқып кітапханашы мамандығын игерген Екатерина Трифоновна 1973-2003 жылдар аралығында Сегізсай ауылдық кітапханасында үздіксіз қызмет атқарды.
Екатерина Трифоновна кітапханалық қызмет барысында өз ісін жетік білетін маман ретінде танылып, отыз жылдан астам уақыт бойы оқырмандардың сұранысын, талап-тілектерін орындауда, кітап насихаттауда үлкен беделге ие болған жандардың бірі. 2003 жылы зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты құрметті демалысқа шыққан кітапхана ардагері қазіргі таңда Сегізсай ауылында тұрады.
Тайпакова Зоя Бакалқызы
Тайпакова Зоя Бакалқызы 1950 жылы 19 тамызда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы, Константиновка ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, 1971 жылы кітапханашы мамандығын алып шыққан. 1971 жылдың тамыз айынан бастап Сұлукөл ауылдық кітапханасына жұмысқа орналасып кітапханашы қызметін атқарып келді.Өз ісіне, мамандығына шынайы берілген Зоя Бакалқызы өзіне жүктелген міндеттерді адал да абыроймен атқарып, кітапханалық қызмет жолында өзінің еңбексүйгіштігін, ізденгіштігін, жан-жақты, өмір талабына сай жұмыс істей алатынын көрсетті. Қазіргі кезде Тайпакова Зоя Бакалқызы құрметті еңбек демалысында.