#аудантабиғаты

# Шыңғырлаудыңжетікереметі

#Шоқайтерек

#Елек

Шоқайтерек

Шоқайтерек – тылсым табиғаттың ғажаптығын көрсететін алып бәйтерек. 6 кісінің құшағы әзер жететін алып бәйтерек Шоқтыбай тоғайының ішінде орналасқан. Тоғай арасында бір биікте тұр. Ортасында бір адам сиятын үңгір бар. Қараған көзге басқа ағаштардың атасындай болып елестейді. Көктеген кезде көлеңкесі мол көрікті ағаш. Халықта Шоқайтерек туралы мынандай аңыз бар. «Ертеде, көп жылдар бұрын Шоқай деген құдіретті батыр қазақ даласының әміршісі болған деседі. Ол әділ батыр болған. Жас кезінде оған өзінің жерін қорғап жүру оңай болған жоқ. Оның жалғызы «Ақтұлпар» деген аты болады. Оны Шоқай «Дала Ханшайымы» деп атаған. Күндер өтіп жатты. Бір күні батырдың тұрған аймағына басқа рудан жас та, дөкір жігіттер шабуыл жасады. Шоқай олармен соғысты. Соғысқа қатысқан Шоқай қатты жараланады. Жараланғанымен өз жерін қорғап қалады. Жараланған Шоқай бір жіңішке ағаштың көлеңкесіне құлап, қансырап жатады. Ал оның жылқысы Ақтұлпар өз иесіне өзеннен су әкеліп, бетіне шашады. Шоқай жылқысының ақылды екеніне таңданады. Бірақ қозғалуға әлі келмейді. Тұлпары оған қамқор болады. Көп ұзамай Шоқай қайтыс болады. Ақтұлпар иесін жас ағаштың түбіне жерді тұяғымен қазып, көмеді. Батырдың зиратын сақтау үшін Ақтұлпар аузымен су әкеліп, ағашты суарады. Күндер өте келе Ақтұлпар ағаштың үлкен болып өскенін байқайды. Ағаштың көлеңкесінде рахаттана дем алып жүреді. Батырдың жаны өзінің жанында екенін сезінеді. Ақтұлпар ыстық күннің бірінде әлсіреп, нашарлап сол жерде жан тапсырады». Міне Шоқайтерек атауы осыдан шыққан деседі

 

Елек

Елек өзені орта ағысының орманды-шалғынды жайылымдары кішкене жайылмалы көлдерімен, көрікті өзн иірімдерімен және құмды жағажайымен ерекшеленеді. Бұл ландшафтар алдымен әуесқой балық аулаушыларға (оның ішінде қыста балық аулау үшін), суға шомылу мен күнге қыздырынуға, жидек пен саңырауқұлақтар теруге, спорттық аңшылық пен туризмге тамаша мүмкіндігімен өзіне тартады.

Елек-Жайық алқабындағы өзен. Су жиналатын алабы 41,3 мың км2, ұзындығы 623 км2, арнасы бастауында енсіз 20-30 м тік жарлы келеді, орта ағысындағы арнасы Ақтөбе қаласының тұсында 150-170 метрге жетеді. Онда тоғай, шалғын өседі. 75 саласы бар. өзенде жайын, көксерке, ақмарқа, табан, сазан, алабұға, тыран, аққайран, бекіре, қарабалық бар. Арнасы жақсы жетілген формасы астау тәрізді, қайраңы өзенаралы және жағажайы мол. Елек өзені жайылмасында ақталды-қаратеректі, қоңырбас қара бүлдірген, ақ теректі- қара теректі, бұталы інжугүлді өсімдік топтануы, сонымен бірге бұл жерде көптеген дәрілік шөптердің түрлері кездеседі. Бұның өзі жазда және күзде жаяу серуендеуді ұйымдастыруға, табиғаттың әр түрлі сыйын: жидек, саңырауқұлақ, дәрілік шөптерді жинауға тамаша жағдай туғызады. Сонымен бірге жазда және қыста Елек иірімдерінде әуесқой балық аулауды ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік бар.


#Шыңғырлау95

#аудантабиғаты

# Шыңғырлаудыңжетікереметі

#Сарқырама

#Торыатбас

 

Сарқырама бұлағы

Орал маңы үстіртінен бастау алатын Бұлдырты өзенінің бастауында салынған бөген. Сарқырама Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Қарағаш ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылынан солтүстік шығыс бағытында 4 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыс орталығы Орал қаласынан Сарқырамаға дейін - 225 шақырым. Аудан орталығы Шыңғырлаудан - 115, округ орталығы Қарағаш ауылынан Сарқырамаға дейін - 20 шақырым. Сарқырама бөгені «Қыз әулие» бұлағынан қоректенеді. Бұл бөгенді ХХ ғасырдың басында үйір-үйір жылқысын суару үшін Нармағамбет болыс Бұлдырты өзенін бөгеу арқылы салдырған. Нармағамбет болыс айналасына терек отырғызып, таудың қиыршық тастарынан сарқырама жасаған. Атырау жерінен балық әкеліп жіберген. Кейіннен Ұлы Отан соғысы жылдары, нақты айтқанда, 1943 жылдың 1 мамыр күні бөгенді үлкейту үшін құрылысы қайта басталып, 2 ай уақытта аяқталған. Бұл бөген жергілікті халықты бау-бақша дақылдарымен қамтамасыз ету үшін салынған. Бөгеннің құрылысын сол кездегі Социализм (қазіргі Ақсуат) және Ақши колхозының жұмысшылары жүргізген. Соғыс уақыты болғандықтан құрылысты негізінен әйел адамдар мен балалар жасаған. Әйелдер бригадасын Жұмашева Рақила басқарған. Құрылысқа Б.Шығанақов, Ы.Ысқақов, Қ.Құлбабаев, М.Әленов, С.Бекесов, Ж.Баймұханбетов, С.Құлмағанбетов, Б.Айжарықова, т.б. адамдар қатысқан екен. Сол жылдары бөгенді салуға Ш.Бисенов, Х.Қожақов, С.Нұржанов сынды балалар да қатысыпты. Барлығы 30-ға жуық адам болған. Бөген негізінен шымнан салынған. Бұл күнде дүниеден озған ауыл ақсақалы Ш.Бисеновтың айтуынша, әр адам күніге 500 шым ою керек болған. Үздік жұмысшылар күніне 1000 шымға дейін ойған. (Шым дегеніміз - өсімдіктердің ұзақ жылдардан кейінгі шіріндісінен пайда болған табиғи зат.) Бөгенді салу құрылысында шыммен бірге жылқының қылын қосып пайдаланған. Алғашқы уақытта бөгеннің биіктігі 12 метр, ені 4 метр болған екен. Соғыс кезі, техникалық құралдар жоқ, еңбекші бұқара осы бөгенді қолмен тұрғызған. Ойылған шымды 8 арбамен тасыған. Бөген суының арқасында 1945 жылы мол өнім алынған. Тарыдан гектарына 50 центнерден өнім алыныпты. Асқабақ пен қарбыздың салмағы 30 кг-ға дейін жеткен. Бөгеннің үстіне көктерек, шегіршін, жиде ағаштары қолдан егілген. Сарқыраманы бөгеген кезде Бұлдырты өзені көп уақытқа дейін тартылып, әр жерден үзіліп қалған. Бөген суға толғаннан кейін барып өзен қайта қалпына келген. Әр жылдарда Сарқыраманың байлығын қорғап, елге еңбегі сіңген орманшылар: Қ.Амандәулетов, М.Қабиев, Ғ.Мырзағалиев сынды ел азаматтары. Сарқырама суында балықтың тек 3 түрі ғана тіршілік етеді. Олар: шортан, алабұға, ақбалық. Сарқыраманы бұлан, елік, қабан, түлкі, қасқыр, қоян, күзен, борсық, құндыз тәрізді аңдар мекен етеді. Құстардан тоқылдақ, жапалақ, байғыз, сауысқан, бозторғай, шымшық, қараторғай, қасқалдақ, құрқылтай, үйрек,көкектің түрлерін көреміз.

Сарқырама – киелі су. Сарқыраманың ауданы - 20000 шаршы метрге жуық. Орташа тереңдігі 4 метр. Ең терең жері – 6 метр. Суының температурасы - +14-18 градус. Қыста судың бетінде жұқа мұз қатады. Су терең болғанымен, судың түбіндегі балдырларды, балықтарды жай көзбен анық көруге болады. Сарқырама суының шипалық қасиеті бар. Жергілікті халық оның суын тамақ, құлақ, асқазан, қан қысымы, буын ауруларын емдеуге қолданып келеді.

Қыз әулие бұлағы

Әулие бұлақ Қарағаш орманының ішінде орналасқан. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, баяғы заманда Нұрғали деген кісінің Салиқа атты қызы болған. 11 жасында бұлақтың көзін ашқан екен. Анасына «мен 17 жасымда, інім 15 жасында дүниеден өтеміз. Мен осы бұлақтың көзін аштым. Күндіз біреу болсам, түнде он боламын»- депті. Айтқанындай өзі 17 жасында, інісі 15 жасында дүниеден өткен. Сол себепті мөлдір бұлаққа «Қыз әулие» атауы берілген екен. Бұл күнде ауруына шипа іздеген жандар осы бұлақ суынан су алып, бейіт басына түнейді. Мөлдір бұлақ жаздың ыстық күнінде тастай суық, бордың арасынан бұрқылдап шығып жатады. Ал қыстың күнгі – 40 градус аязда да мүлдем қатпайды

 

 

Торыатбасы тауы

 

Бор жұрнағы Орал маңы үстірті сілемдерінің оңтүстік – батыс жүйесіне жатады. Оның беткейлері Утва өзені аңғарына қарай бағытталған. Бетінде бор кезеңіндегі теңіз жануарларының қалдықтарын кездестіруге болатын жоғарғы борлы шөгінділермен күрделенген. Абсолюттік биіктігі – 211 м.        А.З. Петренконың дерегі бойынша (2011), бұл таудың бүйірлі аңғарларының жазықты беткейлерінен гүлді ырғайды кездестіруге болады. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы осы өсімдік өсетін жалғыз мекен. Бұл нысанның ерекшелігі эндемикалық және жойылып бара жатқан өсімдік түрлеріне пана болып табылады. Сонымен қатар эстетикалық құндылығы бар жер. Тау Марксизм ауылынан солтүстікке қарай 5 километр жерде орналасқан. Белогор ауылдық округінің аумағында жатыр, ауданы 50 га. Ескерткіш типі – ландшафты – геоморфологиялық.


#Шыңғырлау95

#аудантабиғаты

# Шыңғырлаудыңжетікереметі

#Қыземшек

#Аққұм

 image1

Қыземшек

 

Оқшауланған шошақты тау жұрнақтары су мен жел эрозиясына ұшырауынан пайда болған. Тау жұрнағының пішіні қыздың кеудесіне ұқсағандықтан осылай атаған. Тау жұрнағының абсолюттік биіктігі шамамен 200 метр, ал салыстырмалы биіктігі 25-30 метр. Барлық беткейлері көлденең жоғарыдан төмен қарай деуге болатын су қазындыларымен жырымдалған. Бұл жаңа су эрозия процесі тау жұрнақтары беткейлерін бүлдіреді. Қырат беткейлерінде, олардың бетінде бор эндемиктері өсіп-өнеді. Топырақты -  өсімдік жамылғысында ақ бетегелі тобы қоспасы мен каштан карбонатты топырақта бетегелі – ақселеулі бірлестігі алып жатыр. Төбелер Утва өзенінің оң жағасында Қыземшек аулынан 2 километр жерде орналасқан. Қараағаш ауылдық округінің аумағында шамамен 20 гектар ауданды алып жатыр. Ескерткіш типі – геоморфологиялық.

 

Аққұм

                                                                  

Көне тарих  қойнауына көз жүгіртіп үңілсек, Алмас аймағы тарихи талай жырларды шертер, сырға толы өлке. Бұл орайда сонау көне ғасырлар куәсіндей ежелгі Аққұм қаласының орны бөлек. Біздің дәуіріміздің екінші мыңжылдығының басынан бұл жерлерді сақтарды ығыстырып шығарған сармат тайпалары мекендегені белгілі.

Мемлекеттік Аққұм қорының Аққұм шағалының оңтүстік шетінде ортағасырлық қаланың орны бар. Тарихи атауы ұмыт болғандықтан, Аққұм қаласы атанып жүрген бұл шаһарларды бір кезде Ақша хан билеген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы бұл қаланың экономикалық өркендеуіне үлкен ықпал еткен. Қаланың өз ақша айналымы болған,қала орнынан табылған темір ақшалар, қыш құмыралар, бір қатар зергерлік бұйымдар облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы.

Ел аузындағы аңыз бойынша ХV ғасырдың орта шенінде Аққұм қаласын Алшағыр хан билеген.1460 жылдары Қарға бойлы Қазтуған жыраудың баласы Дайырқожа /Ақжол би/ Қобыланды батырдың қолынан қаза тапқаннан кейін, ел ішінде араздық туып, Керей, Жәнібек бастаған біраз ел өзбек Әбілхайыр ханнан бөлініп, моңғолстан жеріне Қобыланды батыр қазіргі Қобыланды су маңына келіп қоныстанды. Осы кезде Қобыланды батыр Алшағыр ханмен соғысып, жеңіске жетіп, иелігін талқандап басып алды. Алшағыр жұрты Торғауыт қалмақтарына қарай жер ауды. Ауған жұрт қазынасынан айрылып қалудан қауіптеніп, сексен арбаға тиелген алтын, күміс қазынасын шыңырау құдыққа көміп кеткен деседі. Бұл айтылған аңыз болғанмен де, осы кезден бастап қаланың иесіз қалғаны анық. Уақыт өте келе қала бірте-бірте Құландыға айналған, қызыл қыштан қаланған құрылыс орындарының қалдығын кездестіруге болады.

Аққұм қаласы – археологиялық зерттеулер саласында өз кезегін күтіп жатқан, әлі парақтары ашылмаған терең тарихтың мол шежіресі екендігіне дау жоқ. Әлде қалай археологтар қызығушылық білдіріп, қаражат мәселесі, оны тауып зерттеу жұмыстары жүргізілсе, осы жерді мекен еткен ата-баба өмірінен баға жетпес мол мағлұмат, құнды деректер алар едік.

     

Аққұм қорықшасы

 

Аққұм мекені ( ландшафтық қорықша). Облыстық мәні бар мәртебеге ие Аққұм ландшафты қорықшасы 1992 жылы құрылған. Ол Шыңғырлау ауданының оңтүстік шегінде орналасқан, 7,5 мың гектарды алып жатыр. Қорықша құрамына Аққұм құмды алабы, Қандықты, Сегізсай және Қаратал мекендері кіреді. Қаратал мекені Қаратөбе ауданы аймағында жатыр. Құмды алып Қуағаш пен Қарасу өзендерінің құяр жерінде орналасқан.

Аққұм алабын ландшафтық тұрғыдан қарағанда, ол Қалдығайты өзенінің ежелгі атыраулы құмды жазығы болып табылады.Яғни, төрттік дәуір кезінде суы толық, мол болған және ежелгі теңізге құйып, өз атырауын қалдырған. Құмды алап жел үрлеген қазаншұңқырлары бар төбешікті құмдардан тұрады. Орталық бөлігі бекінбеген шағылды-төбешікті құмдармен көмкерілген, өсімдік жамылғысынан айырылған деуге болады. Жел үрлеген бөлек қазақшұңқырлардың кей жерлерінен бірлі-жарым ағашты-бұталы тоғайлар кездеседі. Өсімдік жамылғысында құм жусаны, өлеңшөп, арша, тобылғы, және басқа псаммофиттер басым өскен, ал төбешікті құмдардың шеті бекінген. Жер үрлеген қазаншұңқырларда қайың, көктерек,талдар, ал төбешіктерінде шілік өсінділері, жүзгін мен қарағандар өседі. Қалдығайты өзені аңғары шалғынды-батпақты,, шалғынды-каштан аллювиалді топырағындағы шалғынды, әр түрлі өсімдікті-ағашты-бұталы өсімдіктер топтануынан тұрады. Өсімдік топтары белдеу түрінде орналасқан. Олар құрақты-бұталы өсімдіктер тобы, телімдердің арна маңы текшекемерінде әр түрлі өсімдікті-астық тұқымдас шалғындар мен қайың, көктеректер өсінділеріне ауысады.

Қандықты және Қаратал мекендері-көлтабан типті батпақты ойпауытта орналасқан орман алаптар. Бұл орман алаптары сирек кездесетін көптеген өсімдіктердің түрлеріне, соның ішінде жылантамыр, пеллия, дрепанокладус, бәйшешек және тек осы жерде кездесетін басқа да өсімдіктерге пана болып табылады.

Қорықшаның батыс бөлігіндегі Сегізсай жыраларында әр түрлі-бұталы өсімдіктермен үндескен байрақты қайың, көктеректі ормандар тараған.

Қорықша аумағы биологиялық әр түрлілігімен бай, мұнда өсімдіктің 243 түрі тіркелген, Қазақстанның Қызыл кітапбына оның 56-сы енген, сонымен бірге облыстағы сирек және жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне енгізуге ұсыныс енгізген (А.З.Петренко және басқалар, 1998)

Жануарлар әлемі де орман, шалғынды және далалық түрлерінің араласуымен ерекшеленеді. Жалпы бұл жерде шамамен 100 түрі мекен етеді, оның ішінде құстың 60-қа жуық түрі, сүткоректілердің 20-ға жуық, бауырымен жорғалаушылар мен балықтардың әр қайсысының 7 түрі және қосмекенділердің 3 түрі анықталды (П.В.Дебело және басқалар, 2000). Осы аумақта Қазақстанның Қызыл кітабына енген алып оқыртышқандардың ареалдары (таралу аймағы) бар.


#Шыңғырлау95

#аудантабиғаты

# Шыңғырлаудыңжетікереметі

#Елекшар

 

Шыңғырлау өңірі көркімен көз суырар табиғат сұлулығына ие өлке. Тарихтардан қол бұлғап, туған жер төрінде тұлғалана жайғасқан таулары, көкорай шалғынымен көз иін қандырар көктерегі мен қарағашы, аршасы мен атқонағы араласа өскен жидек пен жеміс, шілігі, бетегесі мен баялышы ұйысқан маң, елі жұмақ тұтқан жайлы қоныс. Өзіндік табиғи ерекшелігімен ерекшеленетін, замани тарихы мен шежіресі бар.

Шыңғырлау жерінің ең биік нүктесі саналатын, шөккен бурадай көсіле көлбеген Отрадный ауылы маңындағы Шыбынды тауы (273 м), боз даланың бөлінбес бөлшегіндей Белогор ақтаулары белдеуі, қолмен қашаған алып табиғат туындысындай Торыатбасы тауы, аталуына қарай әрқайсысы тарих қатпарынан шежіре шерткен Аққұм, Қыземшек,  Сарқырама, Шоқайтерек, Елекшар, Елегі  бабалар мұра еткен киелі бойтұмар іспетті. Бұл киелі жерлер туралы тарихи деректер, ел аузында талай аңыз-әңгімелерге арқау болған. Жергілікті ақын– жазушылардың өлеңі мен өнеріне шығарма-туындыларына өзек болған бұл жерлер Шыңғырлау елінің мақтанышына айналған.

Елекшар

Елекшар (Үлгілі) – аулының шығыс жағында  1,5 км жерде  Елек өзені жайылмасындағы жардың кішкене дөңінде орналасқан. Мұндағы оннан астам қабірлер кейінгі қола ғасырына жатады. Осы жердегі 15 жер обалардан  IV-III ғасырға жататын темір семсерлер мен металл ұшты жебелер қорамсағымен, қола айна бөліктері, әйнек моншақтар, құйылған саз ыдыстар, алқа,  білезіктер тағы басқа көне тұрмыстық заттар табылған.

Елекшар –ІІ обасы 0,3*10 м көлеміндегі жайпақ жер оба. Елекшар Үлгілі ауылынан Шығысқа қарай 1 шақырым жерде Елек өзені жайылмасы үстінің текшекемер шетіндегі дөңінде орналасқан. 2003 жылы БҚО ТАО-ның археологиялық отряды осы оба-қорғанда қазба жұмысын жүргізді. 12 қабір орны ашылды, олардың ең көнесі кейінгі қола дәуіріне б.з.з.ІІ-мыңжылдықтың ортасына жатады. Ал жерленгендермен қабірге қойылған жерлеу бұйымдары шамалы мөлшерде ғана бар. Олар: қола айна бөліктері, әйнек моншақтар, құйылған саз ыдыстар.

Елекшар – ІІІ бейіті. Үлгілі ауылынан шығыса қарай 2 км. Елек өзені 2-ші жайылма үсті текшекемерінің жайпақ дөң үстінде орналасқан. 0,1*6 м және 0,2*8 м көлеміндегі жайпақ үйініден жасалған 2 обадан тұрады. Үлкен оба №1 айналасында жайпақ ор байқалды. 2003-2004 жылдары екі обада БҚО ТАО-ның археологиялық отряды жұмыс істеді.

Елекшар – ІV обасы – Үлгілі ауылынан оңтүстікке қарай 1 км жерде жайпақ суайырық дөңінің тар аузында орналасқан. 60 метрге созылған меридианды тізбек түріндегі 4 жайпақ обадан тұрады. Ең үлкен оба үстінде (0,4*11 м) геодезиялық белгі орнатылған. Қалған обалар көлемі 0,1*6-дан 0,2*8 м шамасында Елек өзені жайылмасындағы жардың кішкене дөңінде орналасқан. Мұндағы оннан астам қабірлер кейінгі қола ғасырына жатады. Осы жердегі 15 жер обалардан ІV-ІІІ ғасырға жататын темір семсерлер мен металл ұшты жебелер қорамсағымен, қола айна бөліктері, әйнек моншақтар, құйылған саз ыдыстар, алқа, білезіктер тағы басқа көне тұрмыстық заттар табылған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Батыс Қазақстан облысы.Энциклопедия.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2002.-592 б

2.Шұғылалы Шыңғырлау. - Орал: Ағартушы, .-2008. -235б.


     #Шыңғырлау95

     #аудан тарихы

 

Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды Шыңғырлау ауданы үшін биыл ерекше жыл. Дамудың даңғыл жолына түскен ауданның құрылғанына 95 жыл толғалы отыр. Осы аудан мерейтойы қарсаңында тоқсан бес жылдық тарихымызды парақтап, ғасырлар қойнауына жасырынған жауһар жәдігерлер, ұлттық құндылықтар, ауданның тарихы, мен табиғаты, өңіріміздің дамуына үлес қосқан тұлғалар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері және ауданымызға қатысты басқа да ақпараттарды сіздердің назарларыңызға әр апта сайын ұсынғалы отырмыз. Бүгінгі ақпаратымыз аудан тарихына арналады.  

Ел тарихы - рухани қазына. Болашағымызды мәуелі бәйтерекке теңейтін болсақ оның түп-тамырына да көз жіберуіміз, тарихын білуіміз қажет. Ғасырлар бойғы халқымыздың өткен тарихы сол тереңге кеткен тамырда жатыр емес пе.   Бір жағы Орынбор, Ақтөбемен шектесіп жатқан Шыңғырлау өңірі – ежелден ата-бабаларымыздың қоныс тепкен мекені. Бұл өлкенің әрбір сай-саласы, жыра - төбесі  басынан талай тарихты өткізген, талай оқиғалардың куәсі болған.           

Шыңғырлау ауданы – аймақтағы көне аудандардың бірі. Шыңғырлау – Батыс Қазақстан өлкесінің ең бір көрікті де шұрайлы жері. Шыңғырлау ауданы 1897 жылы Орал уезіне енген Шыңғырлау және Шілік болыстығы болатын. Шыңғырлау болыстығында 7 ауыл, Шілік болыстығында 12 ауылдан тұратын бұл аймақ халқының саны да бірінде 5110 адам, екіншісінде 13552 адам болған деген мәліметтерді аудандық мұрағат деректері келтіреді.

Шыңғырлау болысы. Болыстың солтүстік бөлігі Орал қазақ әскерлері қоныстанған жерлерімен және Жайық өзеніне дейін келіп, сонымен қатар Балапанкөл, Аралтал өзендерінен және Утва өзенінің ұсақ салалары: Ащыөзексай, Аққұдықсай, Бөгетсай сияқты ұсақ сағаларымен шектесті. Болыстың орталық бөлігі Утва өзенінің солтүстік жағалауында Шыңғырлау өзені мен Бөрлі болысының бағытындағы шекарада орналасты. 1897 жылы Шыңғырлау болысын Сарыбала Жаманжігітов басқарады.

Құнарлы жер, жасыл жайылым, балыққа бай өзен-жер аударылғандарды бірден өзіне тартты. Епті де, қолы жүйрік жандар лавкалар ашып, піскен нанды Ресей облыстарына жөнелтіп отырды.

Көршілес ел, Ресей өнеркәсібінің дамуы біздің ауданға да әсерін тигізе бастады. Сондықтан ауданға азғана болсын сауатты, оқыған адамдар қажет болып, Губерния басшылығы осы жағдайды ескере отырып Шілік ауылында екіжылдық мектеп ашуға шешім қабылдайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу  үшін құрылыс материалдары қажет болғандықтан, алаңқайда уақытша кірпіш зауытын ашады. Зауыттағы жұмыс оңай болмады: барлығы қолмен жасалды. Тек үш жыл болғанда ғана бір  шағын  мектептің құрылысына жетерліктей кірпіштер жасап шығарылады.

1893 жылы, алғашқы рет  аудан аймағында 31 адамға арналған алғашқы оқу орны ашылады. Кедей адамдардың балаларына ол мектепте оқу оңайға түспеген. Мектепке көбінесе байлар мен молдалардың, саудагерлер мен ауқатты адамдардың балалары қабылданған. Уез мектепте дәріс беруге екі мұғалімді жіберген. Солардың тек бірінің аты сақтаулы, ол - Қошқарбаев Ахмет. 1896 жылдан бастап мектеп  бірсыныптық  орыс-қырғыз училищесі болып аталады. 1908 жылы училище меңгерушісі қызметін Иван Андреевич Филимонов атқарады. Училищеде интернат та болған.

Ауданның кейінгі рәсімделуі Кеңес үкіметі кезінде өтті. 1920 жылы 12 қазанда Кеңестердің І Құрылтай съезінің шешімі бойынша құрамына 6 уезі бар Орал губерниясы құрылды. Қазіргі Шыңғырлау ауданы ол кезде Успен, Шілік, Шыңғырлау болыстары болып Елек уезіне қарады. Кейін ҚазАКСР ОАК-тың 1923 жылдың 5 шілдедегі шешімімен Ешқарған және Полтава болыстары Шілік болысына қосылды, орталығы – Шілік кентінде, ал Алмазный, Қараағаш, Кіндікті, Отрадный, Торатбасы болыстары Лубен болысына қосылды, орталығы Лубен кентінде болды.

1927 жылы Орал губерниясы таратылып, орнына Орал округі құрылды. Құрамында Лубен, Шілік, Қарашығанақ болыстары бар үлкен көлемдегі аймақ алдымен Елек уезіне, ал кейін ол таратылған соң, Ақтөбе уезіне қарады. Жердің жартысы Бөрлі болысы құрамында Орал уезі құрамына енді.

1928 жылдың 17 қаңтарында Лубен мен Шілік болыстығы біріктіріліп, Шілік ауданы пайда болды. 1928 жылдың 23 маусым айында Шілік ауданы  Шыңғырлау ауданы болып өзгертіліп, 1930 жылы 17 желтоқсанда Орал маңы мен Бөрлі болыстығы жерінің есебінен жер көлемі ұлғайтылды. Кейіннен 1931 жылы 6 қаңтарда Бөрлі болыстығы аумағының Орал ауданына берілуіне орай, жер көлемі азайтылды.

1932 жылдың 10 наурызында Батыс Қазақстан облысының  Шыңғырлау ауданы деп аталынды. Біздің ауданымыздың аудандық бірлік ретінде заңды тіркелуі және аталуы осы 1932 жылдан басталады.

1933 жылдың 9 қаңтарында аудан орталығы Шілік ауылы Шыңғырлау ауылы болып қайта аталды.

Ауданның негізгі тарихи қалыптасқан тұрғындары қазақтар еді. Ал ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. Басында басталған орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы нәтижесінде аудан тұрғындарының көп ұлтты құрамы қалыптаса бастады. Ауданның экономикалық дамуы әлеуметтік құрылымның өзгеруін туғызды.

Ауданның шаруашылығының негізгі бағыты бастапқыда қосалқы мал шаруашылығы бар дәнді дақылдар өсіру болды. Кейін 30-шы жылдардың аяғында мал шаруашылығына басымдық беріп, егін шаруашылығын дамытып отырды. Мал шаруашылығында ірі қара, қой мен ешкі малын өсіру қолға алынды.

 

Аудандық кітапхана библиографы Арнагүл Исатайқызы Раймкулова

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Батыс Қазақстан облысы.Энциклопедия.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2002.-592 б
  2. Шұғылалы Шыңғырлау. - Орал: Ағартушы, .-2008. -235б.
  3. Шежірелі өлкем - Шыңғырлау: (Шыңғырлау ауданының атаулы оқиғалар тізбегі-хронологиялық жылнама) / Құраст.: А.И.Раймкулова, жауапты ред.: Г.Ф.Куанаева // Шыңғырлау ОКЖ.- 2021.- 25б

Аудан мекемелерінің фото-суреттері аудан мұрағатынан алынды.


Атауы Жүктеу
1 Аудан тарихы