Мұқамбетов Бейсенғали
Даңқ орденінің толық иегері
(1908-1966)
Бисенғали Мұхамбетов 1908 жылы дүниеге келген. 1942 жылы майданға аттанған ол талай ерліктер көрсетіп, сын сағаттардан өтеді. 1943 жылдары жерлесіміз Бисенғали Мұхамбетов Оңтүстік-батыс, 3-Украин, 1-Белорус майдандарына қатысады. Үш рет жараланады. 1944 жылы 1 тамызда Бисенғали қызмет ететін 79–гвардиялық Запарожье дивизиясы Висла өзеніне шығады. Өршіленген жау қатты қарсылық көрсетіп, кеңес әскерлерінің шабуылын тойтару үшін батыстан жаңа дивизияларын әкеліп, осы жерге төге бастайды. 227 – гвардиялық атқыштар полкінің, бірінші атқыштар батальонының автоматшылар ротасының қатардағы гвардия жауынгері Б.Мұхамбетов қандыкөйлек достарымен бірге алғашқылар қатарында поляк елінің ұлы өзенінен жүзіп өтеді. Жау жағының қарсы шабуылы, үсті-үстіне төбеден төгілген бомбасы, тынымсыз атқылаған артиллерия мен миномет соққысы тоқтата алмаған Запарожье дивизиясының гвардияшылары өзеннің батыс жағалауынан қуатты плацдарм құрады. Жанталасқан жау қорғанысын қирата бұзып, дивизия алға жылжи береді. 2 тамызда ірі шабуыл үстінде өзінің ерен қимылымен жолдастарына үлгі болған ол қаруластарын соңынан ерте Железна-Стара селосына жау шебін бірінші болып бұзып кіреді. Висладағы осы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. 1945 жылы жақсы орныққан жау бекінісіне бұзып кірген бөлімшенің алдыңғы қатарында ол тар жерде төрт дұшпанды қолма-қол айқаста сұлатып салып, сол күні автоматшылармен бірге жау шебін айналып өтіп, дұшпанның ту сыртынан тап береді. 8- гвардия әскерінің командирі оны осы көзсіз ерлігі үшін ІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапаттайды. Тағы бірде Одер өзенінің батыс жағалауындағы Хатенов елді мекені үшін болған ұрыста қайсар жүрегі, ерен ерлігі үшін 1945 жылдың 31 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы жарлығымен І дәрежелі Даңқ орденімен марапаттайды. Сөйтіп, жерлесіміз Б.Мұхамбетов солдат ерлігі ордендерінің толық иегері болды. Соғыстан кейін елге оралып, 12 жыл Қарағаш ауылдық советінің «Ақши» ұжымшарын басқарды. 1966 жылы ел үшін туған ердің жүрегі мәңгі тыншу тапты.
Шевцов Георгий Григорьевич
Кеңес Одағының Батыры
(1908-1945)
Георгий Григорьевич Шевцов 1908 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Миргородка ауылында туған.
1941 жылдың маусымынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысады. Гвардия кіші сержанты Г.Г. Шевцов Украинада, Румынияда және Венгрияда соғысып, фашист басқыншыларын талқандауға қатысты. Жауынгер Жеңіс мерекесіне жете алмады. Ол 1945 жылы 9 қаңтарда Комарно қаласы үшін ұрыста қаза тапты. Хотин /Чехословакия/ мекенінде жерленген. Г.Г. Шевцовқа қайтыс болғаннан кейін 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталған. Батырдың туған жері Бөрлі ауданындағы Облавка кентінде оған бюст орнатылған, оның атымен мектеп және көше аталады.
Тихоненко Андрей Яковлевич
Кеңес Одағының Батыры
(1912-1944)
Андрей Яковлевич Тихоненко 1912 жылдың 12 желтоқсаны күні Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының Лубенка ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.
А. Тихоненко 1941 жылдың 24 маусымыңда әскер қатарына алынады. Мәскеу түбіндегі, Литваны азат етудегі ұрыстарға қатысады. 1944 жылы 16 шілдеде 631-атқыштар полкінің пулеметшісі /159-атқыштар дивизиясы, 5-армия, 3-Белорус майданы / қатардағы жауынгер А. Тихоненко Пуни елді мекеніндегі /Литваның Алитус ауданы/ Плнемоники деревнясы тұсында Неман өзенінен өту барысында пулемет оғымен жаудың атыс нүктесін жойып, өздерінен кейінгі бөлімшелердің өзеннен өтуіне жағдай туғызды. Бірінші соққыдан кейін естерін жиып әрі қатарларын толықтырған немістер қарсы шабуылға шығады. Кеңес әскерлері бекінген нүктеге қарсы жаудың ұрыс техникасы қаруымен жабдықталған ірі жаяу әскер күші қаптап келе жатты. А.Тихоненко пулеметтен төгілген оқты салқынқандылықпен қабылдап, қолайлы сәтті күтіп жатты. Фашистердің қалын тобы жақындаған сәтте ғана ол пулеметтен оқ жаудырған. Мерген пулеметшінің оғы отыздан астам немісті жер жастарды. Күшінің басым екенін білген жау жағы тағы да қарсы шабуылға шықты. А.Тихоненконың қаруластары бірінен соң бірі оққа ұшты. Жалғыз қалған ол қатты жараланғанына қарамастан ұрысты жалғастыра берді. Жауынгердің атар оғының таусылғанын білген фашистер оны қоршауға алады. Қолына соңғы гранатаны алып, немістердің өзіне әбден жақын келуін күтіп жатқан ол бар күшін жинап, гранатының сақинасын тартып, өзін де, айнала қоршаған немістерді де жоқ етеді. Біздің батыл жерлесіміз осылайша ерлікпен қаза болған. 1945 жылдың 24 наурызда оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Ленин орденімен, медальдармен марапатталған. Алитус /Литва/ қаласында жерленген.
Қуантаев Молдағали
Социалистік Еңбек Ері
(1913-1977)
Қуантаев Молдағали 1913 жылы Шыңғырлау ауданының Тасбұлақ елді мекенінде дүниеге келген Социалистік Еңбек Ері. Еңбек жолын ауылдық кеңесте хатшы болып бастады.
1932-1942 жылдарда Ақтөбе облысының «Жиренқопа» совхозында, Орынбор қаласының зауытында жұмысшы болып істеген.
1942-1943 жылдарда Ұлы Отан соғысына қатысты.
Молдағали Қуантаев армия қатарынан босаған соң Ақтөбе облысында «Қазақстанның 15 жылдығы» атындағы совхозда зоотехник болып істеді. 1945 жылы ол Орал облысының Шыңғырлау ауданындағы «Красный партизан» колхозына төраға болып сайланады. Молдағали басқарған колхоз жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін мол өндіріп, облыстағы таңдаулы шаруашылықтардың біріне айналды. Осынау зор еңбегі үшін М.Қуантаевқа 1957 жылы қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. М.Қуантаев 1961 жылы зейнет демалысына шығып, 1993 жылы дүниеден озды.
Есқалиев Сүндетқали.
Кеңес Одағының Батыры
(1924-1944)
Сүндетқали Есқалиев 1924 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының Константиновка ауылында туған. 1942 жылы әскерге шақырылады, полк мектебін бітіргеннен кейін, шайқастарға қатысады.
Фашист басқыншыларымен болған бір ұрыста С.Есқалиев өзінің денесімен жаудың амбразурасын жауып, мәңгі өшпес ерлік жасайды. Ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Сүндетқали Есқалиевке қайтыс болғаннан кейін 1945 жылы 24 наурызда «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. Лудчица деревнясында жерленген.
Ленин орденімен, медальдармен марапатталған.
Батырдың туған ауылында бюст орнатылған. Быхов ауданының «Могучий партизан» кентінде обелиск, Шыңғырлау ауданының Алмазный ауылының орталығында ескерткіш, Минск қаласының көшелерінің біріне мемориалдық тақта орнатылған. Батырдың атымен Минскінің және Быховтың көшелері аталады, Константиновкідегі мектепке аты берілген, осында С. Есқалиевтің мұражайы бар.
Ығылманов Сүйеу Ығылманұлы
Ауданның құрметті азаматы
(1924-2019)
Ығылманов Сүйеу Ығылманұлы 1924 жылы Гурьев облысының Қызылкөшші ауданыныда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қиын жылдарында Орал педагогикалық училищесін бітірген. 1942 жылы Ленинград әскери байланыс училищесіне 6 ай оқуға жолдаған, Сүйеу Ығылманұлы 2-ші танк армиясының мотоатқыштар батальонының құрамында Украина майданына жіберіледі. Ұрасқа қатыса отырып Румынияны, Польшаны,Германияны басып өтеді. Соғысты Рейхстаг қабырғасында аяқтайды.
Кеңес Армиясының қатарынан оралғаннан кейін 1949 жылы Орал қа-ласында бандитизммен күрес жөніндегі жедел өкілінің көмекшісі, жедел өкілі болып жұмыс істей бастаған. Фурманов аудандық ішкі істер бөлімін бес жыл басқарған. Бөрлі және Шыңғырлау аудандары бөлінгеннен кейін С.Ығылмановты 1965 жылдың қантар айында Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөліміне бастық етіп жібереді. Ол осы лауазымда 1974 жылға дейін қызмет етеді.
Өзі міндетіне жауапкершілікпен қараған және жақсы қызметі үшін Сүйеу Ығылманұлы «Табанды қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі жақсы қызметі үшін» медальдарымен, ҚазССР қоғам-дық тәртіп қорғау Министрлігінің Құрмет грамотасымен, Орал облыстық атқару комитеті ішкі істер басқармасының, аудандық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
С.Ы. Ығылманов құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін 1974 жылы Қызылкөл селолық кеңесі атқару комитетін 10 жыл басқарып, 9 жыл осы совзоздың азаматтық қорғаныс штабының бастығы болып қызмет атқарған.
Халық депуттары аудандық және селолық кеңестерінің бірнеше мәрте депутаты болып сайланды.2000 жылы ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығын мерекелеуге Астана қаласындағы шеруге қатысты.
Қазір запастағы полковник С.Ығылманов құрметті демалыста.
Қызыл жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін», «берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдармен және басқа наградалармен марапатталған.
Шишкин Николай Викторович
Ауданның құрметті азаматы
Шишкин Николай Викторович 1925 жылы 3-сәуірде Орынбор облысының Ташлы ауданы Иртек посёлкесінде дүниеге келген.Осы жылы ол бөрлі ауданының Бөрлі посёлкесіне көшіп келді. 1942 жылдың күзінде Рига жаяу әскер училищесіне оқуға түсті. 6 ай оқығаннан кейін кіші командир болып шығып, Москва облысының Дмитров ауданына түсірілген Әуе әскери 98-дивизиясы 18 бригадасына жіберілді. Карелия, 3-ші Украйна майдандарындағы ұрыстарға қатысады. 1950 жылы елге оралады. РСФСР совхоздар Министірлігінің Саратов ауыл шаруашылық техникумында бас және аға бухгалтерлік мамандығын жетілдіру курысын бітірді. Бөрлі ауданының Бөрлі совхозында, Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау, Лубен совхоздарында жұмыс жасады.
1965-1989 жылдары Шыңғырлау аудандық ауыл шаруашылық басқармасында қаржы – есептеу бөлімінің бастығы болып істеді. 1991 жылдан 1994жылға дейін №7 кәсіптік - техникалық училищесінде бухгалтерлік есептен сабақ берді.
Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін «Үшінші дәрежелік Даңқ,Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан Соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен және басқа көптеген жауынгерлік және еңбек наградаларымен марапатталды.
Баймағамбетов Мұғалім Ермұқанұлы
Ауданның құрметті азаматы
(1927-2015)
Баймағамбетов Мұғалім Ермұқанұлы 1927 жылы 15 қаңтарда дүниеге келген. Қарағаш ауыл советі Социализм колхозының мектебінде 5 сыныпта оқып жүрген кезде соғыс басталып, оқуын ары қарай жалғастыра алмаған.Колхоз жұмысына көмектесіп, 1942 жылы Лубен ауылының Сұлукөл МТС-не трактор курсына оқуға жіберіледі. Курсті бітіріп, ауылда тракторист-комбайнер болып жұмыс жасаған. 1949 жылы ақпан айында армияға шақырылып,1952 жылы 6 қарашада әскери борышын абыроймен өтеп келеді.
1952-1988 жылдар аралығында түрлі қызметтер атқарып, қажымай еңбек еткен. Ұлы Жеңістің 50,60,65 жылдығына, Тың игерудің 10, 20 жылдығына, В.И. Лениннің 100 жылдығына, Социалистік жарыстың жеңімпазы, Еңбек ардагері медалдарімен және мерекелік медалдармен мүлтіксіз қызметім үшін ІІ дәрежелі, Үздік жүргізуші белгілерімен марапатталған.
1988 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Иманғалиев Бижан Тілешұлы
Ауданның құрметті азаматы
Иманғалиев Бижан Тілешұлы 1927 жылы Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылдық кеңесінде дүниеге келді. 1944 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік заң институтына оқуға түседі. Оны тамамдаған соң 1948 жылдан 1977 жылға дейін яғни отыз жылға жуық судья болып қызмет атқарды. Соның ішінде он бес жыл бойы облыстық соттың төрағасы болды. Осы жылдарда Бижан Тілешұлының басшылығымен соттардың беделді мен жұмыс сапасы едәуір жақсарды. Олардың материалдық базасы да нығайды. Атап айтқанда қазіргі облыстық соттың, Қаратөбе, Жымпиты, Бөрлі, Зеленов аудандық соттарының жаңа үлгімен салынған ғимараттары пайдалануға берілді.
Б.Т.Иманғалиев 1977-1987 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар коллегиясы президиумының төрағасы болып қызмет атқарды. Осы қырық жыл бойы сот және адвокаттар жұмысын басқарғанда Бижан Тілешұлы үлкен беделге ие болды. Ол әлденеше дүркін облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Бірнеше медальдармен, қазақ ССР Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің Құрмет грамоталарымен, арнайы белгісімен марапатталды.
Ержанов Манап Бақытұлы
Социалистік Еңбек Ері
(1929-2004)
Ержанов Манап Бақытұлы 1929 жылы 10 мамырда Шыңғырлау ауданының Киров ауылдық кеңесінде дүниеге келді. 1946 жылы «Ащысай» совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Ал, 1948 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебін тәмамдаған соң шаруашылықта тракторшы болып істейді. Арада біраз жыл өткен соң, Манап Ержанов «Ащысай» совхозының № 3 трактор – егіс бригадасының бригадирі болып тағайындалды.
Еңбектегі ерен табыстары үшін әуелі КСРО Халық Шаруашылығы жетістіктер көрмесінің медальдарымен, 1967 жылы Ленин орденімен марапатталды. Бұдан кейін де Манап Ержанов басқарған бригада астық өндіруде облыс, республика бойынша таңдаулылардың қатарында болды. 1973 жылы 10 желтоқсанда Бүкілодақтық социалистік жарыста көп астық өндіріп, жеңімпаз атанған № 3 трактор – егіс бригадасының бригадирі Манап Ержановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Байғалиев Тілеген Байғалиұлы
Ауданның құрметті азаматы
(1931-2020)
Байғалиев Тілеген Байғалиұлы 1931 жылдың 1 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Қызыл Ту орденінің иегері және бірнеше медальдармен марапатталған. Орынбор ауылшаруашылық институтын бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алған.Еңбек жолын 17 жасынан 1947-1960 жылдары бастап, бригаданың есепшісі, есеп бухгалтері, бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1961-1963 жылдары Шыңғырлау аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1963-1968 жылдары Шыңғырлау ауданы «Белогор» кеңшарының бас агрономы және партком хатшысы болған. 1968-1980 жылдары осы ауданның «Полтава» кеңшарының директоры жұмысын атқарған. 1980-1986 жылдары осы ауданның кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1986-1991 жылдары Қызылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болып жұмыс жасаған. 1991 жылдан зейнеткер, әрі ауданның ардагерлер ұйымының төрағасы.
Кравченко Василий Максимович
Ауданның құрметті азаматы
(1935-2014)
Кравченко Василий Максимович Орынбор облысы Войково селосында 1935 жылдың 5 шілдесінде дүниеге келген. 1938 жылы В.М.Кравченконың отбасы Шыңғырлау ауданы «Ащысай» кеңшарына қоныс аударады. Орта мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын Германияда өтейді. Әскер қатарында жүргенде КПСС қатарына кіреді. Бүгінгі таңда майор шенін алған.
Өзінің барлық еңбек жолын Шыңғырлау ауданында өткізеді. 1958-1959 жылдары мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, 1959-1960 жылдары мәдениет үйінің директоры, 1960-1964 жылдар аралығында №142 училище директорының орынбасары, 1964 - 1965 жылдары Шыңғырлау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1965-1974 жылдары «Полтава» кеңшарында партия комитетінің секретары, 1975 – 1983 жылдары Шыңғырлау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болады. 1983 – 1995 жылдары Шыңғырлау ауылдық депутаттар кеңесінің төрағасы, Шыңғырлау ауылының әкімі қызметін атқарған.
КСРО ОК кезінде 1965-1971 жылдары аралығында жоғарғы партия мектебін сырттай оқып, бітірген. Еңбек жолында ерен еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталған. Атап айтсақ, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін, «Қаз.ССР-інің кәсіптік-техникалық білім беру үздігі» төсбелгісін, екі медаль алған.
Ахметов Сатыбалды Ыбырайұлы
Ауданның құрметті азаматы
Ахметов Сатыбалды Ыбырайұлы 1936 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Казталов ауылында дүниеге келген. 1957 жылдан партия мүшесі. Жоғары білімді. 1963 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтын, 1977 жылы КСРО Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебін бітірген. Еңбек жолын Казталов ауданы партия комитетінде кітапханашылықтан бастаған.
1953 жылдан Казталов, Тасқала, Қаратөбе аудандарында комсомол және партия жұмыстарын атқарған. 1979-1991 жылдары Шыңғырлау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған.
Отыз жылдан астам комсомол, партия, кеңес, шаруашылық органдарында істеді.
Казталов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осы ауданның «Қошанкөл» совхозының бас агрономы, Камен аудандық партия комитетінің хатшысы, кейін Қаратөбе және Жәнібек аудандық Кеңесі атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін атқарды. Тек Шыңғырлау ауданының өзінде ғана аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып он екі жыл істеді. Қай істі де зор ықыласпен атқарып, елге беделді азамат болды. Аудандар экономикасын дамытудағы еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше грамоталармен марапатталды.
Қазақстан Компартиясы XV, XVII съездерінің делегаты болды. Соңғы кезде ол облыстық зейнетақы қорының төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық сақтандыру фирмасының бас директоры бола жүріп, халықтың нашар қамтылған бөлігіне жәрдем көрсетуде көптеген жұмыстар атқарды. Қоғамдық жұмыстарды да жігерлі атқарып, облыс, республика көлемінде өткен саяси-қоғамдық науқандарға белсене араласып келеді.
Ол облыстық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылға дейін ұзарту жөніндегі республикалық референдумның, сол жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының жаңа конституциясын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның облысымызда ойдағыдай өтуіне, сондай-ақ 1995 жылғы желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Парламент сайлау науқанын ұйымдастыруда және оны өткізуде зор еңбек сіңірді.
Үмбетова София Тілеуқызы
Ауданның құрметті азаматы
Үмбетова София Тілеуқызы 1936 жылы 6 қаңтарда Қарақалпақ АССР –нің Тақтакөпір ауылында дүниеге келген. 1954 жылы мектепті аяқтағаннан кейін Алматы медициналық институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, 1960 жылы аяқтайды. Еңбек жолын Сахалин облысында балалар дәрігері болып бастайды. Одан кейін балалар үйінде бас дәрігер боп жұмыс атқарады. 1972 жылдан бері Шыңғырлау аудандық балалар дәрігері, бас дәрігері, балалар бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарды. 1994 -1996 жылдары зейнеткерлікте болса да аудандық ауруханада кеңесші болып жұмыс жасайды. Қазір Шыңғырлау ауылында тұрады, зейнеткерлікте, сонда да бұл кісіден дәрігерлік кеңес, көмек сұрап күн сайын жерлестері келіп тұрады.
Тасмағамбетов Алғали Бахтиярұлы
Ауданның құрметті азаматы
Тасмағамбетов Алғали Бахтиярұлы 1937 жылы 20 маусымда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында дүниеге келген.
1957 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Лубендегі астық сақтау пунктіне жұмысшы болып кірген. Кейін осы пунктте астық қойма меңгерушісінің көмекшісі, астық қойма меңгерушісі, өндірістік учаскесінің бастығы жұмыстарын атқарған. 1968-1979 жылдары Амангелді астық қабылдау кәсіпорына директор қызметіне тағайындалған. 1979-1995 жылдары Шыңғырлау астық қабылдау кәсіпорнына директорлыққа жіберілген. 1995 жылдан осы күнге дейін «Дән» ЖШС-ның директоры болып еңбек етеді.
1972 жылы Мәскеудің тамақ өнеркәсібі институтын сырттай бітіріп, астық өнеркәсібінің жүйесін ұйымдастырушы-экономист мамандығын алған.
Қажырлы еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Шыңғырлау аудан әкімшілігінің 1997 жылы 28 шілде айында қабылданған қаулысына сәйкес Шыңғырлау ауылының Степной көшесіне А.Тасмағамбетов аты берілді.
Аманғалиев Ақас
ҚК полковнигі
(1937-2012)
Аманғалиев Ақас 1937 жылы 25 қараша күні Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылында қарапайым жұмысшы отбасында туылған. Ақастың балалық шағы Ұлы Отан соғысының жылдарымен тұспа-тұс келіпті. 1937 жылы туған ол әрбір сол кездің балаларының маңдайына жазылған қиындықты көріп, өскені айтпаса да түсінікті болды. Кішкентайынан алғыр, білуге құмар болып өскен Ақас бастауыш білім алған соң оқуын Шилі орта мектебінде жалғастырады. Мектепте өткен кезеңдерінде оның ұйымдастырушылық, белсенділік, мақсаткерлік қасиеттері айқын сезіледі.Үлкен мектептің комсомол комитетінің секретары болып сайланады. Қоғамдық, саяси жұмыстардың ортасында жүріп, адамдарды танып-білуге қол жеткізеді. Көп кешікпей арманшыл жас жігіт оқуын А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының филология факультетінде жалғастырады. 1961 жылы институтты тәмәмдаған жас маман Лубен орта мектебіне оқу ісі меңгерушісі болып тағайындалады.
Институтта жүрген кезінде де алғыр студент, қоғамдық жұмыстардың белсендісі атанды. Атақты Бөкенбай баһадүрдің ұрпағы Ақас ерлікті, елдікті мұрат тұтты. Осы мақсат оның өмірлік темірқазық жұлдызы болғандай. Шыңғырлау аудандық партия-совет жұмыстарында болып, ауданның комсомол комитетін басқарды. Жақсы жұмыс нәтижесін беріп көп кешікпей Ақас Аманғалиұлы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті оқуына жолдамамен жіберіледі. Осыдан кейінгі барлық саналы ғұмыры аталған комитет жұмысымен тікелей байланысты өсіп, өрлейді.
1967-1969 жылдары №101 барлаушылар мектебінде білімін арттырады. Осыдан соң Москва қаласында жұмысқа қалдырылады. Тәжірибе жинап, кемелі келіскен жанды көп кешікпей шетелдерде қызмет істеуге жібереді.
Ақас Аманғалиев Индонезия, Малайзия мемлекеттерінде 1970-1980 жылдары еңбек етіп, алып елдің адал перзенті ретінде өзін таныта білген жан. Шетелден оралған соң республикамыздың бірнеше облыстарында басшылық қызметтер атқарады. Лауазымды тұлға ретінде де өзін парасатты, білікті азамат қалпында таныта біліп, көптеген мақтаулар мен марапаттауларға ие болды. Полковник атағын иемденіп, СССР Қорғаныс күштері ардагері атанады. Отбасында Роза апай екеуі ұрпағын өсіріп, немере-шөбере қызығын көрген жандар.
Ақас ағамыздың елжандылығы керемет болатын. Бөкенбай баһадүрге, оның ұрпақтары Тіленші, Жоламандарға ескерткіш белгі қою, кітап шығару жөнінде көп еңбектенеді. Ақтөбе, Орал қалаларында осы жұмысқа көптеген қолдаушылар тауып, көп шаруа тындырды. Ақтөбедегі жұмыстарынан басқа, Оралда Бөкенбай Қарабатырұлына арналған ғылыми конференция өткізді, Шыңғырлауда да осы іс-шараны жалғастырып, даңқты бабаларымызға ескерткіш белгілер қойылуы осының айқын көрінісі. Қаншама жауапты жұмыстарда болып, талай елдің төрін көрген ағамыз табиғатынан қарапайым, кішіпейіл жан еді.
Ақас Аманғалиев 2013 жылдың наурыз айында дүниеден озды.
Сарекенов Қабидолла Зұлқашұлы
Ауданның құрметті азаматы
Сарекенов Қабидолла Зұлқашұлы Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шоқтыбай ауылында 1942 жылы 7 қаңтарда дүгиеге келген. Білімі жоғары, инженер-металлург, Қарағанды металлургия комбинатының жанынан құрылған ВТУЗ-ды аяқтады, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының тілші-мүшесі, ҚР Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Сәрекенов Қабидолла Зұлқашұлы ҚР Тәуелсіздігінің бірінші күндерінен бастап бірнеше мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқара жүріп, ҚР дамуына үлкен үлес қосты.
Қ.З.Сәрекеновтың еңбек жолы Қ.Р. әлеуметтік өндірісінің дамуымен тығыз байланыста. Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищесін аяқтағаннан кейін, өз еңбек жолын жұмысшы болып бастады. К.З. Сәрекенов Қарағанды металлургия комбинатында жай жұмысшыдан өндіріс шеберіне дейін жұмыс атқарады.
1978 жылдан бастап Теміртау қаласында түрлі басшылық қызметін атқарады. 1985-1988 жылдар аралығында Теміртау қаласының қалалық кеңесінің атқару комитетін басқарады. 1966 жылы Қарағанды поштехника институтын аяқтаған соң, білімін ХМН КЗ ССР ғылым академиясының аспирантурасында жалғастырады, оның заңды нәтижесі металлургия мәселесінің сұрақтары бойынша диссертациясы болды.
1988-1991 жыл аралықтарында К.З.Сәрекенов КАЗ.ССР-інің Мемлекеттік қамтамасыз ету жүйесінде қызмет атқарады.
1997-2001 жылы Астана қаласының салық комитетін басқарған кезде бюджетке салық түсімдері бірнеше ретке көбейіп, ал Астана қаласының салық органдар жүйесі Қ.Р. Мемлекеттік кірістер министрлігінің ең дамығаны болып танылады.
2001 жылдан Қ.З.Сарекенов Мемлекеттік материалдық қорының төтенше жағдайлар бойынша Қ.Р Министрлігінің комитетіне басшылық етеді. Қ.З.Сәрекенов «Ерен еңбегі үшін» медалі, Құрмет орденімен марапатталды.
Бақытжан Сапарұлы Сапаров
Ауданның құрметті азаматы
Бақытжан Сапарұлы Сапаров 1940 жылы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Қызыл Ту кеңшарында дүниеге келген.
1959 жылы Бақытжан Сапарұлы Орал қаласындағы №8 ауылшаруашылық механизациялық училищесіне түсіп, оны бітіргеннен кейін Жымпиты ауданының Қызыл Ту ұжымшарында жұмысшы болды.
1961-1964 жылдар аралығында ол Кеңес әскерінің қатарында болды.
1964 жылы Оралдың А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1968 жылы бітіріп шықты. Оқудан кейін жары Айман екеуі Шыңғырлау ауданының білім бөліміне жолдама алды.
1968-1970 жылдары аудандық білім бөлімінде инспектор-экономист болып қызмет атқарып, ал 1970-1971 жылдар аралығында аудандық білім бөлімінде әдіскерлік кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істейді.
Осы жылдар аралығында ол:
1.«Бастауыш мұғалімдеріне әдістемелік нұсқау»;
2.Жалпы білім беретін мектептердің басшысы және оқу тәрбие жұмысын
ұйымдастырудағы басшылық нұсқау»;
- «Мұражай –тәрбие орталығы»;
- «Интернат –екінші үй» атты парақшалары дүние көреді.
Бақытжан Сапарұлын 1973 жылдың тамыз айында Алмаз орта мектебіне директор етіп жіберді. Аз уақыт басшылық жұмысында мектептің базасын нығайтты, білікті мамандармен қамтамасыз етті. 1974 жылы желтоқсан айында Алмаз мектебінде аудан бойынша бірінші болып мектеп директорларының кеңесі өтті. Тақырыбы: «Оқытудың бағдарламалық әдістері». Бұл - сол кездегі ең тиімді әдіс.
Бақытжан Сапарұлының ұйымдастыруымен Алмаз орта мектебі жанынан жұмысшы жастардың кешкі мектебі ашылды. Осы еңбегі үшін 1977 жылы КСРО-ның «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Мектеп жанынан шалғай елді мекеніндегі балаларға арнап мектеп- интернатын ашты.
Байқауларға қатысып, байқаудың жеңімпазы атанған интернат үшін 1980 жылы КСРО-ның «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
1974-1975 жылы мектеп бітіруші түлектер Бақытжан Сапарұлының басшылығымен бірінші болып «Алау» атты комсомол-жастар бригадасын құрды. Олар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты.
Бақытжан Сапаров 1983 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Бақытжан Сапарұлы тарихшы мұғалім ретінде ауданымызда өлке тарихын зерттеуге көңіл бөліп, ауданда екі мұражай ашты.
1990 жылдары аудан орталығындағы жұмысшы жастардың кешкі мектебі «Ересектер мен жастар орталығы» болып қайта құрылды. Бұл озық тәжірибесі Республика және КСРО көлеміне таратылды.
Бақытжан Сапарұлы басқарған аудандық білім бөлімі облыс көлемінде де жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. 1998-1999 оқу жылының облыстық білім басқармасында өткен рейтингілік қорытындысы бойынша аудандардың ішінен екінші орын алды.
Бақытжан Сапарұлы Қаз.ССР коммунистік партияның ХҮІІ съезінің делегаты және конференция делегаты, аудандық Кеңестердің депутаты, «КСРО-ның білім беру ісінің үздігі», «КСРО» мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, сондай-ақ 2002 жылы Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінгі күні Бақытжан Сапарұлы- Шыңғырлау ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы.
Ұлы Абай айтқандай: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген осы емес пе!?
Бексейітов Клим Нұғыманұлы
Ауданның құрметті азаматы
Бексейітов Клим Нұғыманұлы 1942 жылы 22 сәуірде Қаратөбе жерінде дүниеге келген. Қаратөбе өңірінде Мұхит атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтының «физика-математика» факультетінің сырттай бөлімін бітіреді. Жолдамамен Шыңғырлау ауданының Ащысай орта мектебінде алғашқы ұстаздық жолын бастап, Константиновка орталау мектебіне оқу ісінің меңгерушісі, Лубен орта мектебінде директордың орынбасары, Алмаз орта мектебінің директоры,Белогор орта мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,мектеп директоры, Ащысай совхозында партия ұйымының хатшысы болып жұмыс атқарған. Республикалық, облыстық, аудандық дипломдар, мақтау қағаздармен және «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.