Кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсаты ол – үнемі жас оқырман тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындары үшін де, басқа да қоғамдық ұйымдар үшін де абыройлы әрі үздіксіз жүре беретін міндет болмақ.

Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан ғасырларға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Cол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады. Осы тұрғыда Дүниежүзілік кітап күніне орай Амангелді ауылдық кітапханасында "Кітаппен бірге ер жетеміз" атты кітап терапиясы өткізілді. Шараға қатысушылар асыл да құнды қазына кітап туралы мәліметтерді тыңдай отыра, кітап тақырыбындағы жұмбақтарды шешіп, мақал-мәтелдердің жалғасын тапты. Оқырмандарға арналып кітап көрмесі, инсталяциясы безендірілді. Шараның мақсаты: көпшіліктің назарын кітапқа аудару, кітаппен байланысты күшейту, сүйіспеншіліктерін арттыру және осы күннің маңыздылығын ұғындыру болып табылады.