Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен "Кітап шоу - 2023" фестивалі аясында Ауданымыздың 95 жылдығына орай «Өрлей бер өркениетке, өсер елім» атты библио түн мәдени-әлеуметтік акциясы өтті. Акцияның негізгі мақсаты: оқырмандарға кітап оқуды насихаттау, қоғаммен байланыс жасау, кітапхана пайдаланушыларының бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуде жаңашылдыққа іздену. Шараға аудан әкімі Ә. Биғазықызымен мекеме басшылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Оқу залында «Туған өлкем- жұмақ мекен», атты фотосуреттер галереясы (QR –код арқылы) штендерде , «Шарықтап, шаттана бер шырайлы өлкем» атты кітап көрмесі безендірілді . Оқу залы библиопарк ретінде безендіріліп, алма, апельсин , алмұрт ағаштарында жапырақтар орнына әр түрлі тақырыптағы кітаптар ілінді. Алма ағашында батыс –қазақстандық ақын-жазушылардың шығармалары ілінсе, апельсин ағашына қазақ, орыс әдебиетінің классиктерінің туындылары қойылды, ал алмұрт ағашында шетел әдебиетінен кітаптар ілінді.

Кітапхананың оқу залында «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Кітапхана кеш қонақтары сайыста өз бақтарын сынады. Ойыншылардың арасынан ең үздік сұрақтарға жауап берген 6 ойыншы таңдалды. Шараға аудан жастары, «Жастар ресурстық орталығы», Туризм және экология бөлімі, Балалардың мектептен тыс орталығының қызметкерлері , музей қызметкерлері мектеп ұстаздары, оқушылар, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Шараны кітапханамыздың тұрақты оқырманы, облыстық «Абай оқулары-2020» Бас жүлде иегері т.б. көптеген байқаулардың жүлдегері жас ақын А.Исекенов жүргізді.

Ойыншылар арасынан команда капитаны болып кітапханамыздың тұрақты оқырманы Балалардың мектептен тыс орталығының директоры С. Байболат таңдалды. Өлкетану бағытында әр секторға бөліп орналастырған 13 сұрақ бойынша команда мүшелері аудандық экология және туризм бөлімінің мамандары А.Гайсиева, А.Есқалиев , «Жастар ресурстық орталығының» директоры Н.Қайыржанов, аудан әкімі аппаратының қызметкері – Н.Каленова, Л.Қылышев атындағы мектептің 10 «б»сынып оқушысы Г.Теңдік қойылған сұрақтарға толық жауап қайтарып, өз білімдерін көрсетті.

Ойын барысында ауданымыздан шыққан танымал тұлғалар

О. Дүйсен мен Ж.Манкееваның библиотүн шарасына арналған бейнеоткрыткалары қатысушылар назарына ұсынылып, сұрақтары қойылды.

Астана қаласынан Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жерлесіміз Орынбай Дүйсен ойыншыларға өзінің «Шыңғырлау ұраны» күйі туралы сұрақ қойса, Алматы қаласынан жерлесіміз, професссор, филология ғылымдарының докторы Ж.Манкеева Әбілқайыр ханның жары , ел басқарғанда ханның өзі кенесімен санасқан , ақылдылығымен, парасаттылығымен өз ортасына сыйлы болған жерлесіміз Бопай ханым туралы сұрақ қойды. Сонымен қатар шара барысында жерлесіміз Қоныс Михановтың «Парыз» кітабы бойынша полиция полковнигі Тақан Еспановтың атқарған адал қызметі туралы сөйлемнен қара жәшікте жасырған бұйымды да (поковник пагоны) оқырмандар өздерінің ой-өрістерінің кең екенін, өлке туралы әдебиеттерді жетік білетінін дәлелдеп тапты. Сонымен қатар аудан тарихына байланысты аңыздар мен кинофильмдер, өнері, әдебиеті туралы сұрақтарда жауапсыз қалмады. Шара соңында қатысушылар өз алғыстарын білдірсе, ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға сыйлықтар мен команда капитанына ойын символы «Үкі» статуэткасы табыс етілді.

Әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімінде «Ел тірлігінің жаршысы» атты библио – дефиле өтті. "Серпін 85 жыл белесінде" атты көрмеге төл газетіміздің шыққан жылынан бастап 1938жыл, қазіргі кезге дейінгі жылдары қойылып және редакцияда жұмыс жасаған қызметкерлер фотолары қойылды.Шарада «Серпін» қоғамдық – саяси газетінің шығу тарихы мен қазіргі кезеңге дейінгі дамуы жайлы айтылып.Қонақтарға сөз берілді. Бұрын редакцияның бас редакторы болған Шотпанов Адақ Танабайұлы өзі жасаған кездегі жұмыстары туралы сөз қозғады.

Шыңғырлау ауданының мұрағатында сақталған құжаттар бойынша Аудандық мұрағат директоры Хрипченко Надежда Григорьевнаға сөз алды.Төл газетіміздің қазіргі ұжымына сөз берілді.Анар Амангелдіқызы,Гүлшат ИБРАГИМҚЫЗЫ,Айсұлу Амангелдіқызы.

Кітапханашы Айжарикова Гүлбаршын Бекежанқызы бұрын редакция ұжымының мүшесі болған ақын Қаршыға Елемесовтың «Гүлден «Серпін», көркейші!» атты өлеңін оқып береді.

Әдістемелік-библиографиялық бөлімінде

«Есіңде ме сол бір кездер, сол бір шақ» фото-ретро аймақ өтті.

Фото-ретро аймақта 60-80-жылдардағы тұрмыс заттары, сол кездегі оқылған қазақ, орыс, шетел әдебиеттері және Шыңғырлау ауданының тарихы туралы фотосуреттермен безендірілді. Сонымен қатар шараға қатысушылардың фото селфи жасауына арнайы Фото жиектеме (А1 көлеміндегі жиектемеге музыкалық атрибуттар жапсырылып) дайындалды.

Бөлімде «Қасиет тұнған, қастерлі құндылықтар» KitapParty шарасы ұйымдастырылды. Шара «Кітап туралы» (Авторы Нілібаев Әубәкір Дастанұлы) 9сынып оқушысы Арыстанова Амина өлеңін оқумен ашылды. Кейін жүргізушілер фото-ретро аймақпен таныстырып, қатысушыларға викториналық сұрақтар қойды. Әрбір дұрыс жауапқа ақша (70-80 жылдардағы қолданыста болған)ақша төленді. Сол ақшаға фойеде ұйымдастырылған буфеттен белгілі бір тауарларды сатып ала алды. Сонымен қатар шара барысында 60-70-80 жылдары оқылған әдебиеттер оқырман назарына ұсынылып, шараға қатысушылардың сол кездердерде оқылған кітаптар туралы пікірлері тыңдалды. Шара соңында кітапхананың оқырман отбасылары өздері таңдаған түске сай киім киіп және сол түске сай келетін өздері оқыған кітаптарды жинақтап таныстырды.